Саусақ ізін тапсырған қазақстандықтарға шенген визасын алу жеңіл болмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының мәлімдеуінше, дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан азаматтары шенген визасын жеңілдетілген тәртіпте алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары үшін Еуропа мемлекеттеріне виза алу өте қиын. Онда шамамен 20 құжат тапсыру қажет. Негізгі талаптардың бірі - құжаттардың қауіпсіздігі. Егер біз халықаралық стандарттарға сай келетін болсақ, визаны жеңілдетілген тәртіпте аламыз және Қазақстан үшін визасыз режим енгізу мәселесі де қарастырылатын болады», - деп атап өтті «Шынтөбе» дискуссиялық алаңында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР ІІМ Көші-қон полициясының департамент басшысы Серік Сайынов. 

Сонымен қатар, Серік Сайыновтың мәлім еткеніндей, дактилоскопиялық тіркеуден өткен қазақстандықтар Қазақстан аумағына кірген кезде немесе шыққан кезде төлқұжат тексерісінен өтпейтін болады.

«Электрондық қақпалар орнатылады, адам өзінің саусақ ізін басып, емін-еркін өте алады. Демек, олар тексерісті «жасыл дәліз» арқылы өтеді», - деді ол.

Көші-қон полициясының өкілі келтірген мағлұматтар бойынша, саусақ ізін тіркеуден өткізген азаматтар төлқұжатты жоғалтқан жағдайда, оны тез арада қалпына келтіре алады.

Еске сала кетейік, бүгін, 7 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. 

Заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің құқықтық негіздері белгіленген. Сонымен қатар осы жобада тіркеуден алынған ақпаратты адамның жеке басын растау және сәйкестендіру үшін пайдалану мәселелері де нақты көрсетіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар