Саунада төбелес шығарған әкім орынбасарына сот үкімі шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында саунада төбелес шығарған аудан әкімінің орынбасарына сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облыстық сотына  сілтеме жасап.

Сот деректеріне сәйкес, 2016 жылдың 14 желтоқсаны күні, сағат 20.00 шамасында Павлодар облысы Павлодар ауданы әкімінің орынбасары саунада Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өту кезінде азамат А.-ға балағат сөздер айтып, оны кеудесінен итеріп жіберген. Бұдан кейін әкім орынбасары зардап шегушінің басынан жұдырықпен бірнеше рет ұрып жіберген.

«Құқық бұзушының осындай әрекеті салдарынан денсаулыққа жеңіл зиян келтірілді. Осылайша, ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-1 бабының бірінші бөлігі («Соңы денсаулықтың қысқа уақытқа бұзылуына алып келген денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат келтіру») бойынша айыпты деп танылды. Оған 15 АЕК немесе 34 035 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарланды баспасөз мәліметінде.

Онымен қоса, тиісті шаралар қолдану және алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында бұл ақпарат соттың жеке қаулысымен Павлодар ауданы әкімінің назарына жеткізілді.

Аудан әкімінің орынбасары тағайындалған жазамен келіспей, апелляцияға берді. Алайда, «Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды, қарсы шағым қанағаттандырылмады. Сот актісі заңды күшіне енді», - деп мәлім етілген хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар