Сәуле Таудаева БҚО әкімімен дәстүрлі әнді дамыту жөнінде әңгімелесті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаеваны қабылдап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.  

Кездесуде дәстүрлі ән өнерінің дамуы туралы әңгіме болды. Өңір басшысы әншіні алпыс жасқа толуымен құттықтап, оның Мұхит пен Ғарифолла дәстүрін жалғастырушы ретіндегі еңбегі мол екендігін атап көрсетті. Алдағы уақытта да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз өнерін көпке танытып, талантты шәкірттер тәрбиелей беруіне тілектестігін білдірді. 

Ақжайық ауданы Тайпақ топырағында өмір есігін ашқан Сәуле Жаманқызы - өңірдегі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған санаулы әншілердің бірі. 1979-1981 жылы Алматыдағы республикалық эстрада-цирк өнері студиясында оқып, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класын бітірген Сәуле Таудаева 1982 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі қызметін атқарып келеді. 1996 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бірнеше рет республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған әнші Құрманғазы атындағы музыка колледжінің Мұхит класында дәріс берсе, қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп келеді.

«Батыстың ән мектебін қалыптастырған Ғарифолла ағамыздан қалған өнерді алға апару - біздің парызымыз. Осы орайда тәрбиелеген шәкірттеріміз Астанаға қоса ел өңірлерінде еңбек етіп, үмітімізді ақтауда. Мұның өзі - ұстаз үшін үлкен бақыт. Мерейтойыма орай арнайы қабылдап, құрмет көрсеткені үшін облыс басшысына ризашылығымды білдіремін», - деді Сәуле Таудаева.

 

Соңғы жаңалықтар