Сауль Альварестің құтқарушысы - Аделаида Берд

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы бүгінгі жекпе-жекте бір төреші 118-110 есебімен жеңісті мексикалық боксшыға беріп қойған. Оның дәл осы шешімімен жанкүйелер де, сарапшылар да келіспей отыр. Бокс кешін ұйымдастыруға жауапты болған "Канелоның" промоутері Оскар Де Ла Хойя да Аделаида Бердтің шешіміне таңқалдым деді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қазір көбісі 118-110 есебін түсінбей жатырмыз дейді. Мен де түсінбедім. Негізі, Аделаида Берд - кәсіби төреші. Ол көптеген титулдық жекпе-жектерге төрешілік жасаған. Қалай болғанда да, 114-114, я болмаса, 115-113 есебін түсінуге болады. Мен өзім "Канело" жеті раундта жеңді деп санаймын. Дегенмен, мәселе онда емес. Ең бастысы, біз тамаша жекпе-жекті ұйымдастыра білдік», - деді Де Ла Хойя бүгінгі жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслиxатында.

Головкиннің бапкері Абель Санчес болса, Аделаида Берд  жекпе-жекке дайын есеппен келді деп санайды. "Өкінішке қарай, төрешілердің біреуі дайын карточкамен келе салды. Меніңше, оған қайтадан мектепке барып, төрешіліктің не екенін меңгеру керек сияқты. Соншама соқыр әрі біліксіз болу мүмкін емес. Бұл - таза әділетсіздік. Одан боксшылар зардап шегеді", - дейді Санчес. Промоутер Леффлер де түк түсінбей отыр. "Альварестің пайдасына 10 бірдей раундты қалай беруге болады? Ол есепті қалай жүргізді өзі? Дегенмен, Геннадий чемпион болып қалды. Әйтпесе, одан да қиын жағдайлар болады", - деп атап көрсетті Леффлер.

Ал сарапшылардың айтуынша, бүгінгі жекпе-жекте екі боксшы емес, бизнес, соның ішінде "Goden boy" компаниясының менеджменті жеңді. Көбісі Головкинге басымдық беріп отыр. Алайда алдағы реванш пен одан түсетін қыруар пайда үшін Аделаида Бердты "құрбандыққа шалуға" тура келді. 

Бүгінде әлеуметтік желілерде Аделаида Берттің шешіміне қатысты наразылық көп. Жанкүйерлер оның банк есеп-шотына дейін тексеріп, төрешіліктен мүлдем шеттетуді талап етіп жатыр. Себебі бұған дейін де ол күдікті шешім шығарған еді. Былтыр Ломаченко - Уолтерс жекпе-жегінің ұйымдастырушылары да оны төрешілікке қатыстырмауды сұраған болатын. Алайда Нью-Йорк штаты бойынша спорттық комиссияның директоры Боб Беннет ешкімге қарамай, оны осы жолы да қалдырды. Енді, Аделаидамен бірге Головкин-Альварес жекпе-жегін тағы бір көріп, бүгінгі шешімді түсіндіріп беруді талап етпекші.

Айта кетейік, бүгінгі жекпе-жекте бір төреші жеңісті Альвареске (118-110) берсе, екіншісі Головкин (113-115) жеңді деп санайды. Ал үшіншісі 114-114 есебін тіркеді. Әлемге танымал боксшылар болса, бүгін Головкин жеңді деп есептейді.

Соңғы жаңалықтар