Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 331.00
EUR 390.32
RUB 5.59
CNY 49.94

Сарапшылар ЭКСПО-2017 Қазақстанның модернизациялық дамуына қандай үлес қосқанын талқылады

Сарапшылар ЭКСПО-2017 Қазақстанның модернизациялық дамуына қандай үлес қосқанын талқылады
2017 жылғы 30 қыркүйек 15:36 687

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «ЭКСПО-2017: Қазақстанның модернизациялық алға жылжуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сарапшылар халықаралық шараның Қазақстанның жаңғыруына қосқан үлесін талқылады.

Жиынға Қазақстанның ғылыми зерттеу институттарының жетекші сарапшылары, экономистер, әлеуметтанушылар, магистранттар докторанттар, мемлекеттік мекемелер мен жеке меншік компаниялардың өкілдері қатысты.

 «ЭКСПО-2017 көрмесі ел тәуелсіздігін алғаннан бері өткізілген ең ауқымды шара, ең үлкен жетістік. Көрме әлем қауымдастығының қызығушылығын туғызды. Айтулы шара Қазақстанның имиджінің жақсара түсуіне ықпал етті. Ең басты жетістік көрменің тақырыбында тұр. Болашақтың энергиясы бүгінде Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті тақырып. Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ сессиясында ұсынған «Жасыл көпір»  бастамасы бүкіл ғаламшардың ертеңгі дамуына жол көрсетті. Сонымен қатар, ЭКСПО көрмесінің арқасында бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылды. Ішкі туризм жандана бастады. Бизнестің дамуына тың серпін берді», - деді университет ректоры Ғалым Мұтанов.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сейдумановтың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі - Қазақстанның әлем дамуына қосқан интеллектуалдық үлесі.

«ЭКСПО-2017 Қазақстанның ғаламдағы жұлдызды сәті десек болады. Бұл көрмеден соң әлем жұртшылығы жасыл технологиялар бойынша даму керектігін түсінді. Көрме барысында адамзаттың дамуына серпін беретін 150 ғылыми жаңалық пен технология көрсетілді. Қазақстанның өзінде қазір 68 жоба іріктеліп, мақұлданды. ЭКСПО барысында күллі әлемнің назары Қазақстанда болды. ШЫҰ елдері, Ислам елдері басшылары бас қосып, адамзаттың өзекті мәселелерін талқыға салды. Мен ЭКСПО-ны өткізу қазақ елінің пассионарлық жарылысы болды деп толық айта аламын», - деді депутат.

 Сарапшылар Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында ашылған ситуациялық орталықты, жасыл технологиялар орталығын аралап көрді.

«ҚазҰУда шағын ЭКСПО бар екен. Жасыл технологиялар паркі, стартаптарды қолдау паркі нені білдіреді? Бұл Ұлттық университетте білім тәжірибе қатар ұштасып отырғанын көрсетсе керек. Студенттер алған білімін тәжірибе ретінде жүзеге асыратынын білдірсе керек», - деді Серік Сейдуманов.

 

 

Басты сөздер: EXPO-2017, Алматы,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер