Сарапшылар доллардың 300 теңгеге дейін төмендейтіндігін болжауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Альпари компаниясының бас сарапшысы Анна Бодрова доллардың 300 теңгеге дейін төмендейтіндігін болжауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«KASE-нің валюта сегментінде АҚШ долларының 300 теңгеге дейін төмен түсуі мүмкіндігі талқылануда. Мұндай болжам бар, бірақ оның жақында орын алуы нақты емес. Әзірше мұнай құны жоғары сақталып отырғанда, шикізаттық валюталар біршама қолдауға ие болуда. Баррель бағасы тұрақты деңгейден шыққан кезде, теңге деңгейі де өзгеріске ұшырайтыны анық», - деп хабарлады ол.

Оның сөзіне қарағанда, валюта бағамының осы аптадағы болжамдары бейтарап қалып отыр, қолда бар үрдіс жалғасын табады деп күтілуде. АҚШ доллары 320,55-322,85 теңге аралығында саудаланса, еуро 342,50-346,50  теңге маңайында қалады.

Өткен аптаны қорытындылаған сарапшы, қазақстандық валюта біршама ауытқығандығын атап өтті. Нарықтық көңіл-күйлер доллардың 324,62 теңгеге дейін көтерілуіне сеп болды. Дегенмен инвесторлар сәл саябырсып, америкалық валютаны 323,55 теңгеге түсірді. Дүйсенбі, 13 ақпандағы валюта бағамының орташа деңгейі 321,66 теңге көлемінде тіркелді. Қазақстандық валюта нығая бастады.

А.Бодрованың еске салуынша, мұнай құны, күн ішіндегі тұрақсыздыққа қарамастан, барреліне $55-57,50 орташамерзімдік сауда диапазонында қалуда.

«Инвесторлар Халықаралық энергетикалық агенттіктің биылғы жылдың басынан бастап мұнай өндірісінің көлемін азайтуға қатысты көрсеткіштеріне оң қабақ танытуда. Мұнай өндірісі орташа есеппен тәулігіне 1,4 млн баррельге дейін төмендеген. Бұл ОПЕК елдерінің келісімінде көрсетілген деңгеймен пара-пар. Сауда қатысушылары бұған біршама белсенді назар аударғаны байқалды, мұнай құны бірден көтерілді, алайда көп ұзамай, өзінің бұрынғы деңгейіне қайта оралды», - деп түйді сөзін А.Бодрова. 

Соңғы жаңалықтар