Сарапшы: «Жол картасына» Қазақстанның сарабдал сыртқы саясатының арқасында қол қойылды

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз тарапымен екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша «Жол картасына» Қазақстанның сарабдал сыртқы саясатының арқасында қол қойылды. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков осылай деп есептейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Республикасының жаңа сайланған Президенті Сооронбай Жээнбектің кездесуін көпшілік қауым көп күткен еді. Сөзсіз, бұл кездесу сенімді ақтады. Сондай-ақ, Қазақстан соңғы айлардағы  жағдайларға қарамастан дұрыс ұстанымды таңдады. Қазақстан тарапы Қырғызстанның бұрынғы Президентінің орынсыз айтылған сөздеріне орай екі ел арасындағы ынтымақтастықты бұзуға жол бермеді», - деді агенттікке пікір білдірген Жұмабек Сарабеков.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды қалпына келтіруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен сыртқы саясаттағы көршілік татуластық қағидатты ұстануы маңызды рөл атқарған. Бұл жолдың дұрыс екендігін уақыт көрсетіп отыр.

«Астана тарапы басымдықты дұрыс бағытқа берді. Ең жоғарғы саяси деңгейдегі келісім жетістігі Астана мен Бішкектің шекарада қордаланып қалған мәселелерді реттеуге бет бұрғандығын көрсетеді», - дейді сарапшы.

Сарапшы өз сөзінде Қазақстан мен Қырғызстанның қол қойған «Жол картасына» қолдаумен қарайтынын білдірді. Бұған қоса үшінші тараптың қатысуынсыз аталған құжаттың бекітілуі Қазақстан мен Қырғызстанның өзара мәселелерді өздері-ақ реттей алатынын көрсетіп отыр.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 2 желтоқсанында Қырғыз Республикасы Үкіметтік делегациясының Астанаға жасаған сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Толкунбек Абдыгулов екіжақты экономикалық ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойған болатын.

Минскідегі Қырғыз Президентімен кездесу қорытындысы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі көрші елдің Үкіметтік делегациясымен келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде екіжақты экономикалық ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойылды. Оның ішінде шекарадағы жағдай да қамтылған.

Жол картасы шекара, көлік, фитосанитариялық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру салалары бойынша өзара қарым-қатынас, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін шешуге негізделген 50 шараны қамтиды.

Құжатта  тез арада қолға алынуы тиіс 16 шара, қысқа уақытта жасалуы тиіс 5 және жүйелі түрде жасалатын 29 шара қамтылған.  Асқар Маминнің айтуынша, бұл шаралар қырғыз экономикасының ЕАЭО нормалары мен талаптарына бейімделіп, бұл елдің тауарлары ЕАЭО нарығына еркін шыға алуы үшін қолға алынып отыр.

Жол картасына қол қойған соң Қазақстан мен Қырғызстан ЕАЭО сыртқы шекарасында кедендік, салықтық, ветеринарлық, фитосанитариялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізуді қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне, сондай-ақ Қазақстан-Қырғыз шекарасы арқылы экспорттық-импорттық және транзиттік тауарларды Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қатысуымен өткізуге қол жеткізеді.

Өз кезегінде қырғыз тарапы жоғарыда көрсетілген салалар бойынша ЕАЭО талаптарына толықтай сай келетін дәрежеде бақылау жасауды мойнына алды. Асқар Маминнің пайымдауынша, «Жол картасында» көрсетілген шараларды толыққанды әрі уақтылы орындау ашықтық қағидаттары бойынша ортақ нарық қалыптастыруға, легитимді әрі өзара тиімді пайдаға жетуге, сонымен қатар тату көршілік және достық бағытта сауда-экономикалық өзара тиімді қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары ЕАЭО аясында техникалық регламент талаптарын сақтау жұмысы бойынша бірлескен жұмыс, сонда-ақ қазақстандық органдарда заңды екені бекітілетін қырғыз тауарларына сертификация жүргізілетінін хабарлады. 

«Жол картасына» қол қою нәтижесі бойынша таратпар 2017 жылдың 3 желтоқсаны күнгі 00:00 уақытында Қазақстан Республикасының Шекара қызметі қазақстандық-қырғызстандық шекараның барлық бақылау пунктінде күнделікті күшейтілген шекаралық бақылауға көшетіні туралы келісімге келді.

Соңғы жаңалықтар