Сарапшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолдауға ең көп ие болған бағыттарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Алуа Жолдыбалина Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зор қолдауға ие болған жобаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы аясында өткізілген «Кең ауқымды қазақстандық ұлттық бірегейлік: сыртқы көзқарас» атты ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің отырысында Алуа Жолдыбалина «Рухани жаңғыру» бағдармасы аясында жүргізілген зерттеу жұмысының қорытындысымен таныстырды.

«2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында жүргізілген зерттеу жұмыстарымен таныстырып кеткіміз келеді. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты. Бағдарламада ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне тереңірек маңыз берілген болатын. Осы ретте бағдарламаның бағыттарының қандай индикаторлары болуы керек, жобалардың сәтті жүзеге асуы қалай бағаланатын болады? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін аталған зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Зерттеу алдағы уақытта да жалғасын табатынын айта кеткім келеді», - дейді ол.

Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, жалпы, зерттеу жұмыстары көрсетіп отырғандай, бағдарламаның жобалары ішінде ең зор қолдауға ие болу дәрежесіне қарай - кезең-кезеңмен латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне көшу (83 пайыз), «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы (70 пайыз) болса, орташа көрсеткіш ретінде «Қазақстанның қасиетті географиясы» мен «100 жаңа оқулық» жобаларын атап өтуге болады.

«Бірақ, осы тұста айта кетерлігі, жобалар туралы кең-молынан ақпарат берілгеннен кейін «Қазақстанның қасиетті географиясы» мен «Туған жер» кіші бағдарламасы ең көп қолдауға ие жобалардың көшін бастады. Демек, алты іргелі бағыттың ішінде көшбасшысы және қолдауға ие болғандардың ішінде дәл осы атап өткенімдей - «Қазақстанның қасиетті географиясы» мен «Туған жер» алдыңғы қатарға шықты», - дейді ол.

Зерттеушілер тобы сонымен қатар, бағдарлама аясында қолға алынған жобалар қай бағыттардың дамуына қалай серпін беретінін байқап көруге тырысқан.

«Сарапшылардың пікірінше, «100 жаңа оқулық» пен «Латын әліпбиіне көшу» бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан келешек буынға зор әсері тигізеді. «100 жаңа оқулық» жобасы білім культы мен бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан зерттеу жұмыстары барысында көп аталды. Ұлттық бірегейлікті сақтау бағытында «Туған жер» және «Қазақстанның қасиетті географиясы» ерекше үлес қосары сөзсіз», - дейді Алуа Жолдыбалина.

Соңғы жаңалықтар