Саппорода тұратын қазақ қызы: Осы елде тұрсақ та қазақ спортшыларына жанкүйерміз

None
None
САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азиада ойындары аясында осы қалада тұратын қазақ отбасымен жүздесіп қалдық, деп хабарлайды Саппородағы ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін хоккейден Қазақстан құрамасы Күншығыс елінің спортшыларымен алтынға таласты. Стадион іші жергілікті жанкүйерлерге лық толды. Осы кезде алыстан қазақ елінің көкбайрағын желбіретіп отырған бір топ адамды көзіміз шалып қалды. Неде болса, жақындап барып, кім екендерін білуге жақындай түстік.

Алдарынан жүздеріне қарап өте бергеніміз сол еді, «мынау қазақтың баласы ғой» деп жасы сексеннің сеңгіріне шыққан апамыздың дауысы саңқ етті.  Бұрылып сәлем беріп, жөн сұраса кеттік. Негізі, Саппороға келгенде осы қалада оқып жатқан қазақстандық студенттер болса, спортшыларымызға жанкүйерлік танытып келетін шығар, көретін болуымыз мүмкін деп ойлаған едік. Алайда, жастардан ешкімді кездестіре алмағанбыз. Есесіне жетпістен асқан апамызды көріп таң қалдық.

- Апа, қай жақтан жүрсіз? Кім боласыз?

- Е, құлыным, қазақтың жүрмейтін жері бар ма? Осында қызым мен күйеу балам тұрады. Екі жиен немерем бар. Соларды көрейін деп Алматыдан келдім. Азиада ойындары басталғаннан бері қазақ спортшыларына жанкүйер болып, жарыстарда жүрмін.

- Аты-жөніңізді таныстыра кетсеңіз?

- Есімім - Роза, тегім - Қайырбаева. Алматыда ұзақ жыл ұстаздық қызметте болып, зейнеткерлікке шықтым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 50 жыл сабақ бергемін. Өзім филология ғылымдарының докторы, доцентпін. Сен сияқты талай журналистерді өз қолыммен ұшырған адаммын. Қазір жасым сексенге келді. Кезінде күйеу балам қызымды алып осылай кетті де, қалып қойды.

- Бұл жаққа не себептен кетіп еді?

- Өзім де ғылым мен білімнің адамымын. Бұлар да сол білім қуып кеткен ғой. Ол тұста біздегі өмір басқаша болды. Сосын жоғары білімі бар, шет тілін меңгерген жастар оқыған жерлерінде қалып қойды ғой.

- Қазір балаларыңыз қайтқысы келмей ме?

- Балам оны өздерінен сұра. Міне, мынау қасымдағы қызым, арт жағымда отырған күйеу балам.

Апамыз осылай әңгімесін айтып келе жатты да, сөз тізгінін қызына берді.

- Менің аты-жөнім Жаннат Төлекбаева. Саппорода тұрғанымызға 26 жыл болды биыл. Анам осылай жылына бір келіп кетеді. Өзіміз де елге жиі-жиі барып тұрамыз.

- Қазір Жапония азаматысыздар ма?

- Иә. Бұл жаққа үйреніп кеттік. Жолдасымның да, менің де жұмысым осында. Екі баламыз бар, бірі осы жақтан жоғары білімін алып, қазір Алматы да қызмет істеп жатыр. Ал екіншісі қолымызда. Бұлай не үшін кеткенімізді анам айтты ғой.

- Қандай жұмыс істейсіздер?

- Жолдасым бұрындары осындағы Қазақстан елшілігінде аздап қызметтер атқарды. Әлі де өзінің атқаратын жұмыстары бар. Міне, осы Азиада ойындарын ұйымдастыру мүшелерінің басты тұлғаларының бірі. Оның сыртында жолдасымның жеке компаниясы бар. Ол компания негізінен Жапония мен Қазақстан арасына жұмыс істейді. Ал өзім осындағы жоғары оқу орындарына орыс тілінен сабақ беремін. Оның сыртында шетелдік дипломаттардың қатысуымен өтетін ірі іс-шараларда аудармашы болып қызмет етем.

- Енді елге біржола көшкілеріңіз келмей ме?

- Әзірге ондай ой жоқ. Қазір ден сау болса, құрлықтың арғы беті ана таудың теріскей бетіндей ғана болып қалды ғой. Қазақстан бізге алыс болмайды. сағынған кездерде барып тұрамыз.

- Мына өтіп жатқан Азиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне көңілдеріңіз толып жатыр ма?

-  Әрине, толады. Міне, бүгін Жапонияны жеңіп жатыр (хоккейден Қазақстан мен Жапония арасындағы финалды айтып жатыр - автор). Басқа да жарыстарға барып көрдік. Қазақ спортшылары жүлдеге ілініп жатса, қатты қуанып айғайлап кетеміз. Ал жеңіліп қалса, кәдімгідей көңіліміз түсіп қалады.

- Жарыс басталғаннан бері жанкүйер болып келесіздер ме?

- Иә. Қайда жүрсекте қанымыз, жанымыз қазақ емес пе?! Бір бүйрегіміз бұрылып тұрады жерлестеріме. Сондықтан, қайда жүрсекте қазақтың бәсі биік болғанын қалаймыз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

null  

Соңғы жаңалықтар