Сәпиев Қарағандыда олимпиадалық резервтегі спорт мектебін ашуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев Қарағандыдағы жас спортшылардың мәселесін көтеріп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мысал ретінде Қарағанды облысындағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын келтіруге болады. Мектепте бүгін спорттың 13 түрі бойынша 7-11 сынып аралығында оқитын 438 спортшы бар. Жоғары білікті 25 жаттықтырушы-мұғалім сабақ береді. Мұғалімдердің 70 пайызы жоғары категориялы. Мектепте жеке спорттық база, медициналық-тәрбиелік оқу корпусы бар. Бірақ, оқу аяқталғаннан кейін көптеген түлектер, әсіресе аз қамтылған отбасылардың балалары ЖОО-ға түсе алмай жатады. Осы себепті, болашақтан үміті зор спортшының өзі кедергіге тап болуы мүмкін», - дейді депутат.

Серік Сәпиевтің айтуынша, мектеп түлектерінің РФ-ға қоныс аударуы жиілеп барады. 2015 жылы Ресейге аталған мектептен 7, 2016 жылы 8 бала кетіп қалған. Бір оқушыға жылына шамамен 1,5 миллион теңге кетсе, 7-11 сынып аралығындағы 5 жылда - әрбір оқушыға 7,5 миллион теңге жұмсалатын көрінеді.

«Осыған байланысты облыстық мектеп-интернатты олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат колледжі ретінде ашу қажеттілігі туындайды. Бұл спорттық резервтің үздіксіз дайындығын қамтамасыз етуге, жасөспірімдер спортын жоғары нәтижелі спортқа айналдыруға, облыс спортшыларын ұлттық құрама сапында біліктілігін арттыруға, жоғары білікті жаттықтырушыларды дайындауға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сәйкес, 2017 жылы Қарағанды облысында ғана 9 аудан бойынша 76 нұсқаушы қажет.

«Облыстық мектеп-интернат колледждің ашылуы Қазақстан Президентінің 2018 жылғы Жолдауын, «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы мәселені жан-жақты қарастыруды өтінеміз», - деп түйді мәжілісмен.

Соңғы жаңалықтар