Сапарбаев Елбасына Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық өсімін баяндады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президентіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе ферроқорытпа зауытында, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мен жылыжай кешенінде, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған бірнеше нысанда болды. Ақтөбелік белсенділермен, кәсіпкерлермен, өнер адамдарымен кездесті. Жұбановтар әлемі орталығын, Шығармашылық академиясы мен Өнер ордасының құрылысын қарап шықты.

Сапар кезінде Президентке Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 8 айдың қорытындысын баяндады. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде экономиканың барлық секторында өсім бар. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 104,9%,  ауыл шаруашылық өндірісі 102,7%, инвестиция 130% деңгейде. Құрылыс кешеніндегі жұмыс көлемі 111,9% құрап, 337 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Кәсіпорындарды жаңғырту аясында мамандардың біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау үшін 30 ірі компаниямен келісімге қол қойылды. Бүгінде 10 кәсіпорын жаңғыртылды. 2017 жылы жалпы сомасы 18 миллиард теңге тұратын 20 компанияны жаңғырту көзделуде. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 12% артып, өнімдерді өндіру мен қайта өңдеудің өзіндік құны 3% төмендейді. Сонымен қатар, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында өңдеу өндірісінің облыс экономикасына қосқан үлесі артты. Жұмыссыздық 4,8% деңгейінде сақталып тұр, яғни биыл 11,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмалардың орындалуына тоқталды. Оның сөзінше, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған. «Туған жер» республикалық форумы кезінде өңірге 21 елден 300-ден аса ақтөбелік келді. Нәтижесінде 25 күрделі операция жасалып, жүзден астам кездесу, семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізілді. Жалпы құны 76 миллиард теңге болатын 20 меморандумға қол қойылды. Форум қатысушылары аймақтың дамуына тағы 5 миллиард теңге көлемінде демеушілік көрсетеді. Бердібек Сапарбаев мемлекеттік-жеке меншік серіктестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту аясында атқарылған жұмыстарды да баяндады. Өңірде құны 50 миллиард теңгеден асатын 125 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар