Сапарбаев әлеуметтік желіде көтерілген мәселелерге жедел әрекет етуді тапсырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер жол, көше тазалығы мен қоғамдық көліктер туралы арыз-шағымдарын әлеуметтік желіге жиі шығарады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге жедел әрекет етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен жиын кезінде азаматтардың әлеуметтік желідегі арыз-шағымдары мен оларды дер кезінде шешу мәселесі қаралды.
null

«Әлеуметтік желілерді талдау кезінде коммуналдық қызмет жұмысына шағымданатын ақтөбеліктердің саны артқаны байқалды. Шағымдардың дені жолдың жағдайы, аяқ алғысыз батпақ, жүргінші жолының жоқтығы, сонымен қатар қоқыстың уақытында шығарылмауына байланысты. Соңғы айдың ішінде Есет батыр, Құлымбетов, Бөкенбай батыр, Нариманов көшелеріндегі, 41 разъезд, Әуе қалашығы, Оңтүстік-Батыс-1, Батыс аудандарындағы, Пригородный, Кірпішті және тағы басқа ауылдардағы батпаққа қатысты 80-нен астам шағым түсті. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларындағы қоқыс үйінділеріне қатысты 40-тан астам жазба жарияланған»,- деді облыс әкімінің аппарат басшысы орынбасары Ерлан Қаттабеков.

Облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық көлік жұмысына, автобус аялдамаларының жағдайына, кәріз құбырына арналған люктің ашық қалуына, жарығы жоқ көшелер мәселесіне көңілі толмаған ақтөбеліктер өз жазбаларын әлеуметтік желіге қалдырған.

«Мұндай проблемалар аудандарда да бар. Мәселен, Хромтау ауданына қарасты Сарысай ауылының халқы жүргінші жолының жоқтығына ашынады. Ойыл ауданының халқы батпақ пен жол жабындысына көңілдері толмайды»,- деді Е.Қаттабеков.
null

Жиын кезінде мәселелердің шешімі де айтылды. Ол үшін шағын аудандарды, жол бойын көгалдандыру, жүргіншілер жолын салу, құрылыс алаңдарына кіру кезінде жүк көліктерін тазарту ұсынылды. Кешенді жұмыс мәселелерді оң шешуге көмектеседі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ұсыныстарды қолдап, оларды орындау үшін құзіретті мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындарға тапсырма берді. Әрі азаматтардың арыз-шағымдарына, әсіресе әлеуметтік желілердегі мәселелерге жедел әрекет етуді талап етті. 

Соңғы жаңалықтар