Сапарбаев әлем чемпиондарына пәтер мен көлік сыйлады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев самбодан әлем чемпионы Есет Қуановқа автокөлік, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұловқа пәтер сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе спортшылары биыл жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Әлем чемпионаттарына қатысқан балуандардың шоқтығы биік тұр. Ел намысын қорғаған спортшыларды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қабылдап, оларды жеңісімен құттықтады. Кездесуге самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов, грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов, Қытайдың Тайбэе қаласындағы дүниежүзілік универсиадада қола медальды жеңіп алған дзюдошы Рустам Ыбыраев пен Сочиде өткен самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Амандық Асауұлы шақырылды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде кәсіби спортшыларды даярлау және бұқаралық спортты дамыту сұрақтарын талқыланды.

«Біздің міндетіміз - спортшыларға жағдай жасап, заманауи талаптар мен стандарттарға сай жаңа спорт нысандарын салу және ашу. Сіздер облыстағы спорт инфрақұрылымдарының дамуына баса назар аударылып жатқанына куәсіздер және бұл жұмыс жалғасатын болады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Жеңіске жетіп, жылдар бойғы еңбегінің жемісін көрген спортшыларға үнемі қолдау болады. Облыс спортшылары мен жаттықтырушыларына арнайы стипендиялар тағайындалған, уақтылы төленеді. Алдағы уақытта Қазақстан құрама командасына іліккен спортшыларға қолдау көрсету жалғасады.

«Біз қашанда сіздерді қолдаймыз, ал сіздер туған жеріңіздің намысын қорғап, бапкерлеріңіздің, ата-аналарыңыз бен жанкүйерлеріңіздің үмітін ақтаңыздар»,- деді облыс әкімі. Кейін халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіске жеткен спортшыларға алғысын білдірді.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев балуан Мейрамбек Айнағұловқа бір бөлмелі пәтер, Есет Қуановқа автокөлік кілтін табыс етті. Ал Рустам Ыбыраев пен Амандық Асауұлы 500 мың теңгеден сыйақы алды. Алғыс хаттар мен сыйақылар спортшылардың бапкерлеріне де берілді.

Соңғы жаңалықтар