Сангаджи Тарбаев: Екі халықтың, екі жұрттың да баласымын

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Сангаджи Тарбаевты қазақстандықтар негізінен ресейлік КВН жұлдызы әрі тележүргізуші ретінде біледі. Әйтсе де көпшілік бұл жігіттің жекпе-жек өнеріне қызығатынын, тіпті кезінде таэквондомен ұзақ жылдар айналысқан қара белбеу иесі екенін біле бермейді. Ал қазір Сангаджи жоғарыда айтылған үш бағытты бірге игеріп, тіпті барлығынан да жақсы жетістікті еңсеріп жүр. Көңілді тапқырлар клубындағы әйгілі «РУДН құрамасы» командасының капитаны Сангаджи Тарбаев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне өзінің алдағы жоспарлары, қазаққа қан жақындығы туралы айтқан болатын.

- Ең алдымен өзіңіздің бүгінгі жұмысыңыз туралы айтсаңыз? Қазақстанға қандай мақсаттар жетелеп келді?

- Астана қаласында 19 мамырда аралас жекпе-жектен Fight Nights Glоbal компаниясының алғашқы турнирі өтеді. Біздің келген мақсатымыз да осы - турнирдің жұмысын ұйымдастыру. Әріптесім әрі досым Камил Гаджиевпен, бауырымыз Гаджи Гаджиевпен бірлесіп, біз Қазақстанда аралас жекпе-жек бойынша алғаш рет турнир өткізсек деп шештік. Бұл 65-ші мерейтойлық турнир. Жалпы осындай айтулы доданы Қазақстанда өткізсек деп біраз армандаған едік. Енді міне, ол орындалатын тәрізді.

-Аралас жекпе-жектің жетістігі неде? Жалпы жұртшылықты спорттың осы түрі несімен қызықтырады?

- Менің ойымша, бұл көрермен үшін тартымдылығы жағынан жекпе-жек өнерінің дамыған түрі. Бұрынырақта бұндай өнерден спортта тек бокс қана еді, онда боксшылар шаршы алаңға шығып, тек екі қолымен ғана жұдырықтасатын. Сосын қолымен қатар аяқты да сермейтін кикбоксинг пайда болды, ал енді міне, жекпе-жекте күресуге де рұқсат беріліп отыр. Сайыста осы үш нәрсенің бәрін қолдану сөзсіз бұл жекпе-жектің танымалдылығын тез арада арттырды, тартымдылығы мен қызығушылық та жоғарылады.

- Сізді көбінесе жұрт белгілі тележүргізуші, КВН саңлағы деп біледі. Енді Fight Nights Glоbal промоутерлік компаниясының продюсері екеніңізді де біліп жатырмыз.  Сіз өзіңізді әлі таппай жүрген жоқсыз ба, әлде бәріне де қызығатын жан-жақты адамсыз ба?

- Менің өмірімде үш негізгі бағыт бар, бұлар - телевидение, спорт және қоғамдық сала. Менің ойымша, осы үш бағытты да тиімді әрі табысты етіп біріктіруге болады, олар ешқашан бір-біріне қайшы келмейді. Сосын менің осы үш бағытқа деген қызығушылығым да ерекше. Тіпті осылардың әрқайсысында да белгілі бір жетістіктерге жеткен адаммын десем, ол артық айтқандық емес. Мен мұны мақтан тұтамын әрі ол жетістіктерімді дамыта түскім де келеді.

Дегенмен, телевидение саласы түсінікті, мен КВН-да жүріп өстім, өмір бойы КВН-да ойнадым. Бұдан соң біз компания құрып, сол арқылы ойын-сауық сипатындағы бағдарламаларды, тележобаларды жасауға кіріскен болатынбыз. Спортқа да кездейсоқ келген жоқпын, бала күнімнен айналысамын. Отбасымыздың өзі спортқа жақын жандар болды. Жастайымнан жекпе-жек спортын таңдадым, бір кездері тіпті таэквандодан қара белбеу иегері атанған едім. Ал 11-сыныпты бітіргеннен соң базалық білім алу керек болды, сосын шығармашылықпен де, спортпен де әуестендім.

Университетті аяқтағаннан соң менің спорт әлеміне қайта оралғым келді. Әйтеуір ұдайы тартып тұратын. Әрине, ол кезде енді кәсіби спортшы ретінде спортқа қайта оралу тым кеш еді. Дегенмен, осындай деңгейде шаралар ұйымдастыру мен үшін ең оңтайлы дүние болатын. Құдайға шүкір, Бату Хасиков, Камил Гаджиев секілді азаматтармен жолықтым. Олар спорт жағынан мықты болса, менің телевидение жағынан, ұйымдастырушылық тұрғысынан білімім баршылық. Осындай білім мен білікті ұштастыра отырып, біз Fight Nights Glоbal компаниясын құрдық.

Қоғамдық жұмыстарға келсек, мен бірнеше қоғамдық ұйымдар құрғанмын. Ресейдің Қоғамдық палатасының мүшесімін, болашаққа инвестиция ретінде қарастырылатын жастар саясатымен айналысамын. Менің ойымша, қоғамдық қызмет ерте ме кеш пе, әйтеуір өзінің жемісін береді.  

- Сізде қазақтың қаны бар. Білуімізше, қазаққа жиенсіз, анаңыз - қазақ. Бойыңыздағы қандай қасиет қазаққа тән дер едіңіз?

- Иә, мен мұны ылғи айтып жүрмін. Егер көшпенділер мәдениеті тұрғысынан келсек, қалмақ пен қазақ негізінде бір-біріне өте жақын халық. Әйтсе де мәдени қырлары арасында айырмашылығы да жоқ емес. Қазақтар - түркітілдес, қалмақтар - моңғолтілділер тобына жатады. Сосын қазақ - мұсылман, қалмақ - буддистер. Негізгі айырмашылық та осы екеуі ғана. Солай бола тұра, негізінен қоғамдағы өзара байланысымыз, тұрмысымыз бойынша бір-біріне өте жақын халық. Сондықтан да мен өз бойымнан қазақтың да, қалмақтың да қанын сеземін. Әкем - қалмақ, сондықтан да өзімді қалмақ санаймын. Алайда нағашыларымды екінші жұртым санап, Қазақстанды өзімнің екінші отаным ретінде құрметтеймін. Өйткені, Қазақстанға құрмет - бұл ең бірінші кезекте анама құрмет. Мен осындай құрметтің арқасында қазақ мәдениетін зерттеп, біліп, оған қызығамын, барлық жерде де, барлық деңгейде де қазақтармен байланысуға талпынамын. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың қаны мен үшін жат емес, керісінше бұл менің таңдауым, менің өмірім. Мен үшін бұл бойыма біткен табиғи нәрсе. Кейде біреулер «сен қазақсың ба, қалмақсың ба» деп сұрап та жатады. Шынын айтсам, ол екеуінің арасын бөліп айтатындай мәселе ешқашан да туған емес. Мен екі халықтың, екі жұрттың да баласымын.

- Сіз Қазақстанда қандай да бір жобалар жасау жөнінде ойлап жүрсіз бе? Телевидение немесе спорт саласында? Болашақта қандай жобаларды жүзеге асырғыңыз келеді?

- Жоғарыда айтқанымдай, біз спорт бағытындағы жобаны жүргізіп келеміз. Алғашқы турнир Астанада 19 мамырда өтеді деп жоспарланған болатын. Осы алғашқы жарысты сәтті өткізсек, онда Қазақстанда тұрақты негізде жарыстар өткізсек, оларды дәстүрге айналдырсақ деген ойымыз бар. Шынымен неге істемеске?

Мәселен, Ресейде осындай турнирлер негізінде тұтастай индустриялар дамыған. Бұларға спорт академияларын да, әуесқойлар спортын да, спорттық медицинаны да, бұқаралық спорт үшін телеарналарда насихатталатын спорттық өнімдерді де, азықтарды да жатқызуға болады. Ал телевидение тұрғысынан келсек, менің достарым да таныстарым да көп. Қазақ КВН-шылары Нұрлан Қоянбаев, Даут Шайхисламов, Нұртас Адамбаев бәрімен де жақсы таныспыз. Аралас-құраластығымыз да жоқ емес. Олармен әңгіме болғанда ылғи бірдеңе істеу керек еді дейміз, бірақ әлі қолға ештеңе алған емеспіз. Ерте ме кеш пе әйтеуір бірлескен жоба дүниеге келеді деп ойлаймын.

- Ұлыңыздың аты Тимуджин екен. Мұндай есімді иеленген ұлыңыздың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

- Біріншіден, бұл есімнің тарихын көпшілік біле бермейді. Әрине  Қазақстанды айтпаймын, өйткені қазақ елінде бұндай атқа ерекше қарайды. Тіпті, Қазақстанда кімнен сұрасаң да ол аттың қайдан шыққанын жақсы біледі. Ал Ресейде, өкінішке қарай, бұл бағытта білімділер аз. Мен балама осы Тимуджин атын қойған кезде, ең бірінші кезекте оның бойына алдыға қойған мақсаттары бала күнінен қалыптасса деп ойладым. Өйткені, Шыңғысхан әлемге әйгілі билеуші ретінде танылмай тұрып, алдымен Тимуджин болып дүниеге келген. Шыңғыс секілді әйгілі хан болу үшін оған өмірде өте үлкен істер атқарып, дұрыс істер жасауы керек болды. Сол істері арқылы адамдар оны мойындап қана қоймай, құрмет тұтуы керек, ол өзінің әкесінің, өз халқының лайықты ұлы ретінде қошеметке бөленуі тиіс.  

Жалпылама алсақ, мен балаға жастайынан үлкен мән беріп, олардың қай жолмен жетістікке жете алатынын, неге бейімділігін ерте бастан байқау керек деп санаймын. Өзім де осындай жолдан өткенмін, бала күнімде скрипкада ойнадым, таэквондомен айналыстым, КВН-ға шықтым, осындай мен қызыққан нәрсенің бәрін ата-анам қолдады, маған жағдай жасады.  Сондықтан да, балаға барынша назар аударып, олардың дамуына қажет кезінде өмірлік тәжірибені екшей отырып, басымдықтарды дұрыс таңдай білу керек. Ұлым өскенде осы ақылмен жүреді деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рақмет, қызметіңізде Сізге жеміс тілейміз!

Соңғы жаңалықтар