Санавиация қызметі Үржардан Семейге 30 рет ауыр халдегі пациенттерді жеткізген

None
None
 ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы санитарлық авиация қызметінің былтырғы жылы Үржар ауданына шұғыл көмек қажет пациенттерге 30 рет көмекке шыққан. 

Бұл туралы аталған қызметтің жұмысымен танысу барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Үржар ауданындағы тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы облыс орталығынан 550 шақырым қашықта жатыр. Апат айтып келмейді. Оқыс оқиға бола қалса, ауыр халге ұшыраған адамдарға медициналық көмек керек болғанда әр секундтың қымбат екендігі рас. Осындай күрделі жағдайда өңір халқын медициналық қызметпен қамтамасыз ету Семей қаласының санитарлық авиация қызметінің басты міндеті болып отыр.

Айта кетерлігі, былтырғы жылы санитарлық авиация қызметі Үржар орталық аудандық  ауруханасынан ауыр халдегі пациенттерді облыс орталығына жеткізуге 30 ұшырылым жасаған екен. Оның ішінде 75 пайызы жүкті әйелдерге қатысты.

Таяуда Үржарға анестезиолог-реаниматолог дәрігер Әсем Кәрібаева мен санавиция қызметінің фельдшері Назым Сарбиева науқастарды алып кетуге келді. Олар сырқаттарды тексеріп, қазіргі жағдайымен танысып, жергілікті дәрігерлермен ақылдасты. Назым Сарбиеваның осы салада жүргеніне 23 жыл болған. Ал Әсем Ерқанатқызының жұмыс өтілі 10 жыл.

Жалпы, Семей қаласының санавиация қызметі 2014 жылдан бастап жұмыс істеуде. Мұнда дәрігерлердің барлығы да өз мамандығының  шеберлері, қандай жағ­дайда да дұрыс ше­шім қабылдай алатын мамандар. Сондай-ақ, мұнда қажет бо­лған кезде қаланың барлық деңгейдегі емдеу мекемелерінен білікті дәрігерлерді де шақырта алады. Олар­дың кезекшілік кестесі алдын ала бекітілген.

  Аталмыш санитарлық авиация мамандарының жұмыс нәтижелілігін арттыру, жетуі қиын жерлердегі азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында «Тараз Жаңа Әлем» компаниясынан АН-2  ұшағы берілген. Мұнда балаларды, әсіресе, шала туған сәбилерді алып жүруге қолайлы жағдай жасалған, ұшақта реанимациялық үстел, медициналық құралдар үстелі бар.

 Экипаж 5 адамнан тұрады. 2 дәрігер, 2 ұшқыш, 1 авиатехник. Ан-2 ұшағын басқаратын Тахир Утегеновтың 34 жылдық еңбек өтілі бар. «Білікті ұшқыш қандай ауа райы болса да, әуеге еркін көтеріле білуі тиіс. Әсіресе түнде және таулы аймақтарда қиын» дейді ол.

Санитарлық авиация қызметінің жұмысы ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Ауа райының қолайсыздығына, баратын жердің қашықтығына қарамастан шақыртуға жылдам ұшып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге қашанда сақадай сай.

Соңғы жаңалықтар