Салық төлеуден жалтарған боулинг орталығы 4,4 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Салық төлеуден жалтарған боулинг орталығына 4,4 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті ұтысы жоқ ойын түрлерімен қызмет көрсететін заңды тұлғаларды тексере бастады.

Атап айтқанда, боулинг орталықтарындағы ойын жолақтары (кегельбан), карта үстелі (картинг), бильярд үстелдері салық орталықтарында тіркеуден өтуі керек.

Құзырлы органның мәліметінше, Медеу аудандық басқармасының қызметкерлері жақында тексеру жүргізген.

Барлығы Алматыда 6 боулинг орталығы жұмыс жасап тұр.  Оның ішінде Әл-Фараби - Достық көшелерінің қиылысында орналасқан «Ритц Палас» сауда орнындағы боулинг орталығында екі ойын жолағының салық органдарында тіркелмегені анықталды. Бұл жолақтарға 2016 жылдың басынан бастап салық төленбеген.

Боулинг орталығының директорына бұл заңбұзушылық туралы бірнеше рет айтылды. Салық төлеушінің көрсеткен салғырттығы үшін орталық жетекшісі ҚР ӘК 275-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылды.

Енді кәсіпкер 4,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Айта кету керек, боулинг орталықтарындағы 1 жолақтың өзіне айына 42 АЕК (95 298 теңге) көлемінде салық ставкасы бекітілген. Қазіргі таңда МКД мамандары бильярд орталықтары мен компьютер клубтарының жұмысын тексеріске алды.

Соңғы жаңалықтар