Салафит жігіттің өкініші - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Шарапхана ма, Сарапхана ма? - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null

Біраз жыл бұрын ол ауылдың аты Қаратас деп аталған екен. Мақала авторының жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұл ауылға Шарапхана атауы бір емес, екі рет берілген. Ал көнекөз қариялар негізінен ауылдың атауы бір замандарда осында қала болған Сарапхана атауынан туындаған дегенді айтады екен. Сөйтіп келе-келе ауыл аты Сарапханадан Шарапханаға ауысқан дегенді айтатындар бар екен. «Неге бұлай өзгерген? Жалпы ауылдың  ауылдың Шарапхана деп аталғаны дұрыс па?». Мақалада осы мәселе көтеріліп отыр. Жазуынша, Шарапхананы Сарапханаға ауыстыруды ауылдағы ел ағалары да қолдайды екен. Айтқандай, бір кездері Дінмұхамед Қонаев та осы ауылға келгенде атын ауыстыру қажеттігін, тіпті Сарапхана деген ежелгі атауын қайтару керектігін айтқан екен. Алайда Қонаевтың аманаты орындалмай қалған екен.

Мақала авторы бүгінгі заманның өзгергенін, ауылдың да құлпырып, гүлденіп келе жатқанын сөз арасында еске салады. Тіпті Шарапхана ауылында биік тұғырға елінің қамын жеген Салқам Жәңгір мен жаугершілік заманда елінің азаттығы жолында ерліктің өнегесін көрсеткен Жалаңтөс баһадүрдің еңселі ескерткіштері орнатылыпты. Енді заманға сай күн санап дамып, көркейіп келе жатқан ауылға өзінің тарихи Сарапхана атауы қайта берілсе деген ауыл ақсақалдарының тілегін алға тартады.

«Бұл бір жағынан қазақтың асыл перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың аманатына адалдық танытқанымыз болып шығар еді. Ең бастысы, ауылдың құлаққа жайсыз естілетін атауынан арылар едік. Мәселен, «Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың ескерткіші Шарапханада тұр» дегеннен гөрі «Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың ескерткіші Сарапхана ауылында тұр» десек, рухани тұрғыдан да дұрысырақ болып шықпай ма?» деп жазады автор.

 

Ауылда тұрып қаланың сүтін ішеміз -  «Сарыарқа самалы» газеті

null

«Сарыарқа самалы» газеті ауылға қатысты ащы шындықты ашып айтыпты. «Ауылға қолдан ұйытылған айранын, қаймағын аңсап барсаң қаланың қатығымен қарсы алып, «қатырады». Бүгінде ауылдықтар ас атасы нанды да аудан орталығынан немесе қаладан «импорттайтын» болған. Қорасында сиыр, қойы түгілі қотыр лағы да жоқ ауылдықтардың қатары көбейіп келеді. Елді мекендеріміздің әлеуеті артты ма? Жоқ әлде, жалқаулық жайлап бара ма?» деп жазады мақала авторы.

Жазуынша, елімізде сүт импортына тәуелділік 70-80 пайызды құрайды екен, ал ең сорақысы сүтке деген сұраныс қалада ғана емес, ауылдар да сиыр сүтіне «сусап» отыр.

Сүт өз алдына, «ауылға наубайхана қажет» дейтіндер де шыға бастаған. Автор осыған да налиды, балалық кездегі естеліктерін де алға тартады. «Ауылда тұрған кезде анамыз аптасына кемі екі мәрте тегенеге қамыр басатын. Ол көтерілген кезде даладағы пешке от жағып (жазда), таба-таба нан пісіреді. Пештен жаңа шығарылған ыстық нанды бөліп-бөліп турап, үйдің сары майын ерітіп, араластырып жеген мыжыманың дәмі тіл үйіретін (айтпақшы, бүгінде ауыл балалары мыжыма дегеннің не екенін де білмеуі мүмкін). Қазір ше?» деп жазады автор.

Осылайша, мақалада ауыл тұрғынының тұрмысы әлдеқайда жеңілденгенін, ауылдағы қыз-келіншектен бастап, ер азаматтарға дейін дүкеннің дайын тамағын жатып ішерге айналғанын меңзейді. «Қысқасы бүгінде ауыл тұрғындарының тұрмысы әлдеқайда жеңілденді. Кір жуып, қазан аңдып отырған қыз-келіншектерді бүгінде кір жуғыш мәшинелер мен мульти қазандар алмастырған. Ауылдың арулары жіп иірмейді, алаша, кілем тоқымайды, текемет баспайды. Сиыр саумайды, құрт қайнатып, күбі піспейді. Ер азаматтары мал бақпайды. Бақшалық өнімдер екпейді. Есесіне дүкеннің дайын тамағын «жатып ішіп», түріктің телехикаяларын «түгендейді» дейді автор.

 

Салафит жігіттің өкініші - «Атырау» газеті

null

Жат идеологияның жетегінде кеткен жігіттің өкініші туралы газет тілшісіне «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, дінтану магистрі Серікжан Еншібайұлы айтып берген екен. Ол жазасын өтеп отырған 1992 жылы туған атыраулық жас жігіттің тағдырымен жақсы таныс екенін, қазір дәстүрлі мәзһабқа оралғанын айтыпты.

Өзгеше ойлайтын жігіт діни сауатын бастапқыда мешіттен ашқан екен. Кейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни топтарға қосылып, уағыздарды тыңдай бастайды. Осылайша, ол әйелін, баласын алып, Ресей арқылы Сирия шекарасына өту туралы шешім қабылдайды.

«Кейіпкеріміз кезінде Атырау қаласына қарасты Геолог елді мекеніндегі өзгеше ойлайтын топтың ішіндегі лидерлердің қатарында болған. Түрлі уағыздарға әбден уланған олар уақыт өте келе мешітке келуді де доғарады. Себебі, олар мешіт имамдары бидғатшы, яғни, дінге жаңалық енгізушілер деген пікірде болған. Осылайша, үйді-үйге жиналып, өзара диалог құру кезінде бұл жігіт бірнеше адамды Сирияға кетуге үгіттеген. Базардың төңірегінде жүріп, біраз ақша жинаған жігіт Сирияға аттанып бара жатқан жерінен ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас   бостандығынан айырылды. Енді ол дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкінеді. «Бар арманымыз Сирияға аттану болды. Ол кезде баланы да, әке-шешені де, отбасымызды да ойлаған жоқпыз. Сондықтан, Саид Бурятский, Дарын Мубаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын» дейді жігіттің өзі».

Әңгіме барысында теолог салафи ағымына да талдау жасапты. Оның айтуныша, бұл ағымға ергендердің өзі төрт санатқа бөлінеді: радикалдар «джиһад», «такфир» ағымын берік ұстанады. Олардың ойынша, мемлекет - ширк. «Байсалды салафилер» мемлекетті мойындайды, имамға қарсы келмейді.

«Атырауда қазір осындай радикалды бағыттағы үш-төрт топ бар. Оның әрқайсысына шамамен жиырма адамнан мүше.  Сонда біз оларды шартты түрде жүз адам деп алып қарастыратын болсақ, оңалту процесінде негізгі күшті олардың лидерлеріне арнағанымыз тиімді» дейді ол.

 

Селфи сырқатқа айналып барады - «AQ JOL» газеті

null

«AQ JOL» газеті көтеріп отырған мәселе біреулер үшін бесенеден белгілі болуы да мүмкін. Алайда, ондай әлеуметтік дерттің әрбір отбасына дендегенін мойындап жатқан ешкімді байқамаймыз. Өйткені, шынында да қазіргі таңда селфи сәнге айналды. Мақалада автор селфидің арғы тегін түгендеп, біраз деректерді алға тартады. Селфимен байланысты қайғылы оқиғаларды да мысалға тартады. «Селфи жасауға өз-өзін жақсы көретіндер әуес деген де пікірлер бар. Санамыз бен іс-әрекетімізге дендеп енген селфиді енді шығара алмасымыз анық. Тек әр нәрсе өз орнымен, шегімен болса дейсің. Ал селфидің бір ғана жақсы жері - суретке түсу үшін сізге әлдекімнің көмегі қажет емес және шалғайда жүрген дос-жараныңызды әлеуметтік желіден тамашалап, күнде қауышып жүргендей әсерге бөленесіз. Турасын енді өзіміз екшеп алайық. Себебі селфи жасау «сырқатқа» айналып барады» деп түйіндейді автор.

 

Сыры мол Садық ахун -   «Сыр бойы» газеті

null

Жалпы «ахун» деген кім? Мақала авторы «халық ішінде уағыз-насихат арқылы дін ақиқатын таратушылар - ахунның тікелей анықтамасы» деп жазады. Ишандар мен ахундарды аса білімділер, данагөйлер ретінде сипаттайды. Ал Садық ахунның басқа білімділерден айырмашылығы неде?

«Садық ахун Иран мен Франция елдеріне барып, бірнеше жыл медицина оқумен шұғылданып, осы саланың ғылымын меңгерген. Тіпті, білімде алғыр, ісінде шебер Садықты француз ғалымдары сол жақта қалып, медицинаны дамыту жолында бірге еңбектенейік деп үгіттеген. Бірақ, ахун туған ауылына келіп, жиған білімін ел-жұртының игілігіне жұмсауды мақсат еткен» деп жазады автор.

Мақалада кеңес өкіметі кезіндегі дін өкілдеріне қатысты дүрдараздық айтыла келе, сондай солақай саясаттың ызғары Садық ахунға да тигені алға тартылады.

«Құдайсыздар қоғамы аталған сол заманның зауалымен күрескен әрі батыр, әрі ишан Жолай Ақмырзаны намаз оқып отырған жерінен құрбандыққа шалған қызылдар мешіттерді бұзып, діни кітаптарды өртеп жіберді. Ақмырзамен байланысың бар деп Садық ахунды да Ақмешіт түрмесіне жапты. Ахун түрме бастығының әйелін емдеп жазып, сол кісі Алматыға қайта-қайта барып, жоғарғыдағыларға Садық халық жауы емес, халық емшісі деп ақыры дәлелдеп, қамаудан босаттырған. Түрмеден шыққан ахун 1920 жылдан кейін туған ауылына келіп, өмірінің ақырына дейін ауру шалған адамдарға дәремет дарытып, балаларға білім беріп, бар күш-қайратын халқының салауаттылығына арнады» деп жазады автор.

 

 

Соңғы жаңалықтар