Сал-серілердің ауылы қандай күйде? - «Егемен Қазақстан» газеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми кездесулерінен ақпар берумен ашылған. Одан кейін Өмір Есқалидің «Сал-серілердің ауылы қандай күйде?» деген тақырыппен берілген мақалада автор өз заманының мақтанышына айналған тұлғалардың тағдыр-талайы туралы айта келе, Біржан салдың туған жеріне қатысты деректі нақтылай түседі. 

Газеттің екінші бетінде жарияланған Дархан Қыдырәлінің «Түгел түркінің тұтқасы» атты мақаласында Елбасының ел тәуелсіздігі жылдарындағы ерен еңбегі мен түбі бір түркі әлеміндегі абырой-беделі жөнінде әңгіме өрбітеді.

Ал Ақтөбе облысындағы басылымның меншікті тілшісі Темір Құсайынның «Ауылым менің Қобдада...» тақырыбымен жазылған материалда өңірдегі ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігінен хабар береді. Сонымен қатар, газеттің бұл санында Арқаның Аққызынан, Алаштың Аққызына айналған күйші Аққыз Ахметқызының 120 жылдығына орай Арқа төсінде өткен айтулы кештен ақпар ұсынылған. Авторы - басылымның Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Хамит Есаман.

Бекен Қайратұлының «Арғы бетке асқан Алаш арысы» деген атаумен оқырман назарына ұсынылған материалда кезінде «көзі ашық, көкірегі ояу» әрі бақ-дәулетті болғаны үшін қуғанға ұшырап, қорлық көрген қазақтың бір әулеті жайында айтылады. Зерттеу мақаланың кейіпкері - Әбдікәрім Ережеповтің жүріп өткен жолы мен артында қалған ізі және оның ұрпақтары жөнінде әңгіме өрбиді.

«Тендер төңірегіндегі түйткілдер» мақаласында тілші Ғалымжан Елшібай мемлекеттік сатып алу қызметін майшелпекке айналдырған мекемелер мен жөн-жосықсыз талап-тілектер турасында сөз саптайды. Бір айта кетерлігі, осы тақырыпқа орай салынған газет суретшісі Айдарбек Ғазизұлының қылқаламынан шыққан туындысы да оқырман езуін еріксіз тартқызатындай.

Жұма күнге арналған «Егемен Қазақстан» газетінің бұл нөмірінде елдің ішкі-сыртқы саясатына қатысты маңызды ақпараттар мен өзекті мәселелер де қамтылған.

Соңғы жаңалықтар