Сал ауруына шалдыққан ақтөбелік бала Оңтүстік Кореяда тегін ем қабылдады

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның емдеу мекемесі арасындағы меморундумға сәйкес 2 жастағы ақтөбелік тегін ем қабылдады. 

Туа бітті сал ауруына шалдыққан сәби емнен соң өз еркімен еңбектеп, жүре алатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Оңтүстік Кореяға барып тегін ем қабылдаған баланың ата-анасы өздері туралы жан-жақты ақпарат беруді қаламады. Туа бітті сал ауруына шалдыққан қыздары үшін қажетті емді алып, тіпті шетелге емделу мүмкіндігіне ие болды. Олардың жанына Дару оңалту орталығының бөлім басшысы Әдемі Демеуова ере жүрді. Дәрігер кореялық мамандардың ем жолымен танысып, балаға күтім жасауды меңгерді.

«Туа бітті сал ауруына шалдыққан баланың жасы екіге келді. Осы қызды емдеу туралы шешімді Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері қабылдады. Кенгбук университетінің ұлттық госпиталі қайырымдылық негізде тегін ем жүргізді. Шетел емханасында балаға арнап арнайы оңалту бағдарламасы дайындалды. Жеке дене жаттығуы әзірленіп, дене нүктелеріне массаж жасалды. Логопед жұмыс істеп, бас-ми бөлігін МРТ түсірді. Көз, құлақ, мұрын қуысын тексеріп, есту қабілеті қаралды. Оңалту жұмыстары әр елді әртүрлі жүргізіледі. Дәрігерлердің емі де өзгеше болады. Сондықтан шығыс елінің медицинасын үйрену, тәжірибе алмасу біз үшін маңызды»,- дейді дәрігер Әдемі Демеуова.

Оңтүстік Кореяның оңалту бағдарламасы еуропалық әдіске негізделген. Мұнда балалар арасында сирек кездесетін ауруларды анықтау, нақты диагноз қою, емдеу, мүгедек балаларды оңалту жұмыстары жолға қойылған. Шетелде тәжірибе жинап келген ақтөбелік маманның айтуынша, Дэгу қаласындағы Кенгбук университетінің госпиталінде ата-анаға науқас балаларға күтім жасау жолдары үйретіледі. Бұл аса қажет тәжірибе.

«Балалар неврологиясы, оңалту жұмыстары бағытында мол тәжірибе жинадым. Кореяда балалар емінің инновациялық, заманауи әдісі қолданылады. Мәселен, екі жастағы ақтөбелік бала бір айлық тегін емнен соң еңбектеді. Ол өз күшімен тұрады, аяқ-қолы иіле бастады. Шағын ойыншықтарды қолына ұстады. Бұл үлкен жетістік»,- деді дәрігер Әдемі Демеуова.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Оңтүстік Корея арасында меморандумға қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес ақтөбелік дәрігерлер Кореяда тәжірибе жинап, екі бала тегін ем қабылдады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бір сәбидің жүрегіне ота жасалды.   

 

 

Соңғы жаңалықтар