Сақтандыру саласында қандай өзгерістер орын алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Еліміздің Ұлттық банкі әзірлеген заң жобасының мақсаты сақтандырудағы заңнаманы жетілдіру, ең алдымен, сақтандыру қызметін алған кезде халықтың мүдделерін қорғауға және сақтандыру нарығын дамытуға бағытталған.

Сонымен Ұлттық банк Данияр Ақышев депутаттар назарына ұсынған заң жобасы онлайн-сақтандыруды енгізу, шетелге шығатын тұлғаларды сақтандырудың тәсілдерін өзгерту, міндеттелген сақтандыруды енгізу, сақтандыру омбудсманының функцияларын кеңейту арқылы сотқа дейінгі реттеу механизмін жетілдіру және өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлері бойынша қосымша кепілдіктерді кеңейту бағыттарын қамтиды.

Онлайн сақтандыру енгізіледі

Сонымен онлайн-сақтандыру бағытында сақтандыруды цифрландыру ең оңтайлы шешім. Өйткені цифрландыру, телекоммуникациялармен және интернетпен қамту барлық салаларда жүріп жатыр. Мәселен, 2005 жылы халықтың тек 4 пайызы ғана интернет пайдаланса, қазір ол шамамен 80  пайызға жетіп жығылады. Заң жобасы қабылданғаннан кейін өңір тұрғындары сақтандыру полисін алу үшін облыс орталығына немесе делдалдарға бармайтын болады. Ал делдалдардың болмауы болашақта сақтандыру құнын төмендететіндігі анық.

«Алайда, онлайн-сақтандыру тек қана заңнамалық өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар үлкен жұмыс пен мемлекеттік органдардың бірлескен іс-әрекеттерін талап етеді. Қазірдің өзінде министрліктерде дерек қорларын интеграциялау жұмыстары тездетілген. Қадағалаушы органдарды техникалық жабдықтау да қажет болады. Сақтандыру бойынша деректер қорында азаматтардың барлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, көлік жүргізуші сақтандыру полисін сақтандыру компаниясының сайтынан онлайн режімде сатып ала алады. Осыдан кейін клиент сақтандыру шартына меншіктелген бірегей нөмірді алады. Нөмір Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен беріледі. Барлық деректер осы дерекқорда сақталады. Жол полициясы Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тәулік бойы кез келген уақытта автожүргізушіде сақтандырудың бар екендігін тексере алады. Яғни, қағаз полисті сұрауды қажет етпейді.

Шетелге шығатын турист сақтандырылады

«Екінші бағыт - бұл туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығушы туристің өзін сақтандыруға өту. Қазіргі кезде туроператордың жауапкершілігін сақтандыру кезінде сақтандыру тек туроператордың кінәсі дәлелденген кезде ғана жұмыс істейді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Турист, әдетте, денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты өз мәселелерімен жалғыз қалады. Заң жобасы шетелге шығушы туристерді сақтандыру тәртібін өзгертуді қарастырады. Туроператор жолдаманы сатқан кезде туристке сақтандыру куәлігін беруге міндетті болады. Сақтандыру куәлігінде шетелде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін халықаралық компаниялардың телефондары көрсетіледі», - деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, шетелде сақтандыру жағдайы орын алған кезде, турист медициналық қызмет көрсетуге, жедел медициналық көмекке және репатриация бойынша шығындалмайды. Бұл шығындарды халықаралық компанияға сақтандыру компаниясы төлеп береді. Туроператор үшін сақтандыру құны қымбат болмайды, күніне 320 теңгені құрамақ.

«Бұл сақтандыру тек туроператорлардың көмегіне жүгінген туристер үшін ғана жұмыс істейді. Ал туроператорларға жүгінбейтін туристер және өз бетінше шетелге шығатын азаматтар жауапкершілікті дербес көтереді және мемлекет оларды өздерін сақтандыруға міндеттей алмайды», - деп түсіндірді банк төрағасы.

Міндеттелген сақтандыру енгізіледі

«Үшінші бағыт - міндеттелген сақтандыруды енгізу. Міндеттелген сақтандыру деген не? Ол - белгілі бір мамандықтар бойынша міндетті болып табылатын сақтандыру. Бірақ оның шарттары тікелей заңмен емес сақтандыру компаниясы мен оның клиентінің арасындағы шартпен анықталады», - деді ол.

Оның айтуынша, міндетті сақтандыру бойынша сақтандырудың барлық шарттары, тарифтер мен төлемдер тікелей жекелеген заңдарда белгіленеді. Мұндай тәсіл, стандартты және жаппай сақтандыру түрлерінде негізделген. Алайда сақтандырудың жекелеген түрлерінде клиенттің тәуекеліне байланысты жекелей көзқарас пен икемділік қажет.

«Міндеттелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясына және оның клиентіне келісімшартпен икемді сақтандыру шарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәуекелдердің нақты тізімін анықтау арқылы клиенттерге дұрыс тарифтер белгілеуге болады. Клиентке деген жеке көзқарас осы міндеттелген сақтандырудың негізгі артықшылығы», - деді Данияр Талғатұлы.

Сақтандыру омбудсманының қызметі кеңейтіледі

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, төртінші бағыт дауларды сотқа дейінгі реттеу институтын дамыту үшін жасалған сақтандыру омбудсманының қызметін кеңейтуді көздейді. Бүгінгі күні сотқа дейінгі реттеу институты сақтандыру омбудсманымен ұсынылған. Оның өкілетіліктері тек автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыруға ғана таралады. Бірақ, оның өкілетіліктерін сақтандырудың басқа түрлеріне қатысты қазір кеңейтуге болады.

«Бұдан былай сақтандыру компанияның клиенті сақтандыру төлемінің мөлшерімен келіспеген жағдайда сақтандырудың кез келген түрі бойынша өз мүдделерін қорғау үшін сақтандыру омбудсманына жүгіне алады. Ол жеке тұлғалар мен шағын кәсіпорындардың шағымдарын қарастыратын болады»,-  деді ол.

Оның айтуынша, даулардың сомалары - 10 мың айлық есептік көрсеткішке немесе 24 млн теңгеге дейінгі мөлшерді құрайды.

«Бесінші бағыт - бұл әлеуметтік-маңызды өмірді сақтандырудың өнімдері бойынша сақтандыру төлемдеріне қосымша кепілдік беру мәселесі. 2015 жылдың мамыр айында өндірістегі жазатайым оқиғалардан қызметкерді міндетті сақтандыру заңнамасына өзгерістер енгізілген. Жәбірленушілердің жоғалған табысын мемлекет, жұмыс беруші және сақтандыру компаниясы тарапынан өтеу мәселесі бойынша оңтайлы шешім қабылданды. Бұл жүйенің болашақта тұрақты болуына мүмкіндік берді. Алайда, әлеуметтік аннуитеттер бойынша қосымша кепілдік механизмдері қажет», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды өнімдері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қарастырылған.

«Зейнетақы аннуитеттері мен өндірістегі жазатайым жағдайлардың салдарынан жұмыс қабілеттілігін жоғалтқан қызметкерлердің аннуитеттері бойынша төлемдердің үздіксіздігі мен уақытылы болуы маңызды. Кепілдік транзитті кезеңде, яғни сақтандыру компаниясының таратылу мерзімінен бастап барлық міндеттемелерді басқа сақтандыру компаниясына бергенге дейін жұмыс істейді. Бұл түзетулер зейнеткерлер мен еңбекке жарамсыз адамдарға сақтандыру компанияның таратылуына қарамастан Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорынан уақытылы өз ақшаларын алуға мүмкіндік береді», - деді Данияр Ақышев.

Айта кетерлігі, заң жобасын Мәжіліс депутаттары толықтай қолдап отыр. Мәселен, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин шетелге сапарлау кезінде туристі сақтандыру мәселесіне назар аударды.

«Біздің көптеген азаматтарымыз қазіргі уақытта өз демалыстарын туристік жолдама бойынша шетелде өткізеді. Әрине, ол жақта жүргенде әртүрлі жағдайлар болуы ықтимал. Ауырып қалады немесе басқа жайттар болуы әбден мүмкін. Бірақ та, ең бастысы - туристік жолдама бойынша шетелде жүрген азаматтарымызды осы кезеңде толықтай сақтандыру қажет. Сондықтан, осы мәселені екінші оқылымға дейін қарауымыз керек», - деді Нұрлан Нығматулин.

Ал депутат Сергей Симонов заң жобасын қарау бара барысында жұмыс топтарының 7 отырысы өткендігін айтты.

«Депутаттардың 200-ге жуық ұсынысы қаралды. Ағымдағы жылдың 2 ақпанында аталғна заң жобасын талқылау аясында «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саячат жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы Қаржы және бюджет, Ұлттық банк, орталық мемлекеттік органдар мен сақтандыру нарығы өкілдерінің қатысуымен өтті», - деді ол.

Мәжілісмен Снежанна Имашева да заң жобасына қолдау көрсете келе қазіргі жағдайда сақтандыру нарығы қоғамдық-экономикалық өмірдің барлық саласын қамтитындығын атап өтті.

«Сақтандыруды реттеуге қатысты айтар болсам, оны дамыту және ынталандыру бөлігінде бірқатар проблема бар. Сондықтан отандық сақтандыру нарығын дамыту сапалы реформаны қажет етеді. Сақтандыру ұйымының, сонымен қатар азаматтардың қаржы қаражатымен байланысы бар кез келген ұйымның қызметі ең бірінші кезекте халықтың сенімінің деңгейімен, сақтандыру мәдениетімен және экономикалық тұрақтылықпен байланысты. Сақтандыру - сақтандыру қызметтерін көрсетудегі келешегі зор сала. Сол себепті оның келешекте лайықты деңгейде дамуын қамтамасыз еткен жөн», - деді Снежанна Имашева.

Соңғы жаңалықтар