Сағынтаев: Жол полицейлеріне ала таяқтар қайтарылмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жол полицейлеріне ала таяқтарды қайтарып беру туралы депутаттық сауалға жауап қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемнің ең дамыған елдерінде (АҚШ, Батыс Еуропа елдері және ЭЫДҰ т.б.) жол-патрульдік полициясының жұмысында таяқшалар қолданылмайды, көлік құралдарын тоқтату мен жол жүрісін реттеуді полицейлер қол қиымылымен жүзеге асырады. Көрсетілген елдерде халықтың автомобильдену деңгейі Қазақстандағы деңгейден біршама артық. Сондықтан да оларда полицейлердің реттеуі мен олардың жол қимылдарын түсінуде қандай да бір проблемалар туындамайды. Осыған байланысты, шетелдердің озық тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасында құрылымдық реформаларды іске асыру жөніндегі 2014-2015 жылдарға арналған Жол картасы  жол-патрульдік полициясының қызметін жетілдіру, оның ішінде таяқшалардың күшін жою бойынша бірқатар шаралар көзделген болатын.  Жаңа енгізілімдер полицейлердің көлікті себепсіз тоқтату санын айтарлықтай  қысқартуға және жол жүрісіне қатысушылармен заңсыз байланыстар санын азайтуға мүмкіндік берді», - деп атап өтілген ҚР Парламентінің ресми сайтында жарияланған жауапта.

Осы орайда қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі халық арасында қол қимылымен берілетін реттеушінің сигналдарының мағынасы туралы қосымша түсіндіру жұмысын жүргізіп, сондай-ақ жол-патрульдік полициясының қызметкерлерімен жол жүрісін қолмен реттеу әдістерін жетілдіру бойынша сабақ жүргізіліп жатқандығы атап өтілген.

Мұнымен қоса, жарық шағылыстыратын нысандық күртешелер мен қолғаптардың жаңа үлгілері бекітілді, олармен жоспарлы тәртіппен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері жабдықталуда.

«Атап өтілген мәселелердің негізінде, жол-патрульдік полициясының жұмысында таяқшаларды қолдануды орынсыз деп ұйғарамын», - деп жауап қайтарған Б. Сағынтаев депутаттық сауалға.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық полицейлер ала таяқтан бас тартқан болатын. Барлық жиналған таяқшалар бүгінде сақтау қоймаларына жіберілді.

Бұдан бұрын биылғы мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты жол-патрульдік қызметі қызметкерлеріне ала таяқтарды пайдалану жағдайы мен тәртібін қайта қарауға ұсыныс білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар