Сағынтаев тауары сапасыз дүкендерге «Сенбейміз!» жазуын ілуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселесі қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізгі баяндамалардан кейін Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдардың басшыларына ескерту жасады.

«Негізі, бүгінгі біздің отырысымызға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ұйымдардың өкілдерін шақыру керек еді. Атқарылып жатқан шараларды өзіміз ғана талқылап қоймай, оларды да тыңдап шыққан дұрыс», - деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министрінің айтуынша, осы салада тиісті шаралар атқарылса да, құқықбұзушылық фактілері азаятын емес.

«Жаңа өзіңіз айтып отырсыз ғой, біздің тарапымыздан қажетті шаралар қолға алынғанмен кейбір сауда орындары мен басқа да мекемелер стандартқа сай келмейтін азық-түлікті және басқа да өнімдерді сатып жатыр. Бәлкім, Талдықорғанның тәжірибесін кеңінен таратамыз? Ол жақта біреу сапасыз тауарды сатып, заңды бұзса, онда ғимараттың шекесіне «Сенбейміз!» деген үлкен билбордты іліп қояды. Тура солай заңды жиі бұзатын сауда үйлері мен компаниялар жайында ашық айту қажет. Оларға «Сенбейміз!» деген айдар тағу қажет. Меніңше, xалық ол бастаманы қолдайды. Біз өз тарапымыздан қанша жұмыс атқарсақ та, бизнестің бетбұрысы өзгермесе, осы қалпында қала береміз», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар