Сағынтаев: Кооперативтер қағаз жүзінде ғана құрылмауы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өнімділігі бойынша нәтиже неге төмен екенін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баяндамадан көргеніміздей, кооперативтерді құру қарқыны жоғары деңгейде екенін айтылды, оны селекторлық режімдегі отырыста әкімдер де құптады. Яғни кооперативтер құрып жатырмыз, бірақ ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын кәсіпорындардың өндіретін тауарлары тиісті деңгейде емес. Сонда бұл кооперативтер қағаз жүзінде шығарып жатыр ма, әлде өнімді өндіретін уақыты жеткен жоқ па?», - деп сұрады Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов кооперативтер жаңадан құрылып жатқандығын, сондықтан олар тиісті қуатына шықпағандығын атап өтті. Дегенмен де биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің өсуіне құрылған кооперативтердің де тиісті үлесі бар.

«Сондықтан кооперативтерге жүктелген индикаторлардың орындалуы екінші жартыжылдықта белгілі бола бастайды. Шын мәнінде құрылып жатқан кооперативтердің саны біздегі жоспарланған индикатордан әлдеқайда жоғары. Алайда бұл тұрғыда әкімдерге өзіміздің пікірімізді айттық, яғни тек қағаз жүзінде құрмай, талапқа сәйкес іске қосу тақырыбы талқыланды», - деді Асқар Мырзахметов.

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативке қатыстыру бойынша атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Осы ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін модульді сүт қабылдау және мал сою пункттерін кепілсіз және алғашқы жарнасыз сатып алу схемасы енгізілді, сондай-ақ кооператив мүшелері үшін несиелерді кепілдендіру тетігі көзделді.

«Қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша индикативтік көрсеткіштер қайта қаралды. Егер Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланса, ал енді олардың санын 467-ге дейін жеткізу жоспарлануда. 30 мамырға 286 бірлік тіркелді, соның ішінде сүт дайындау бойынша - 102, ет өндіру және дайындау бойынша - 181.  Атап айтқанда, 20 136 бас ірі қара мал басына арналған отбасылық бордақылау алаңы мен 51 жылыжай құрылды. Ауыл шаруашылығы өнімінің тауарлы өндірісіне 40 мыңнан астам жеке қосалқы және ұсақ фермерлік шаруашылықтар қатыстырылды», - дейді Айтуғанов.

Жалпы кооперативтерді құру бойынша жақсы қарқыны байқалып отырғанына тоқталған ол, дегенмен тіркелген кооперативтердің кейбірі ұсынылатын талаптарға сәйкес келмейтінін, ал жеке өңірлер бойынша жалпы жұмысты күшейту қажет екенін жеткіз. Осындай кооперативтерді талаптарға сәйкес келтіру бойынша шаралар әкімдіктерге жеткізілді және олар бойынша нақты жоспар құрастырылды.

Соңғы жаңалықтар