Сағадиев мектеп мұғалімдерін 9 айдың ішінде ағылшын тіліне үйретіп шықпақшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін үш тілді білім беру жүйесіне арналған xалықаралық семинарда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев шетелдік қонақтарға аталған бастаманы іске асыру жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымды айтсам, уақыт қысып жатыр. Біз аталған бастаманың іске асуына қатты алаңдап, жүйкеміз жұқарып жүр. Алайда біздің балаларымыз еш алаңдап жатқан жоқ. Себебі олар дайын екендерін біледі. Ал, біздің зерттеуімізге сәйкес, ата-аналар мен балалардың басым бөлігі үш тілді оқытуды қолдап отыр», - дейді Е.Сағадиев.

Оның айтуынша, бүгінде осы саладағы негізгі мәселелердің бірі - мұғалімдердің дайындығы. 2019 жылға дейін ағылшын тілінде сабақ беретін 16 000 мұғалім қажет болады.

«Әрине, көп нәрсе әрбір мұғалімнің тіл білу деңгейіне байланысты болмақ. Біздіңше, 9 айдан кейін ұстаздар шет тілде сабақ оқытуға дайын болады. Сөз жоқ, жаңа жүйеге көшкеннен кейін білім берудің сапасын жоғалтып алмауымыз қажет. Сол себепті тілді үйрену мәселесі ғана емес, сол тілде оқытылатын пәнді жетік меңгеру жұмысына да баса назар аударған жөн. Ол үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі», - деп атап көрсетті министр.

Айта кетейік, бүгінгі семинар барысында жоғары білім және жоғары оқудан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дарxан Аxмед-Заки оқытушылардың ағылшын тілінде сабақ беруге әлі дайын емес екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар