Сағадиев Қазақстан мектептеріндегі орын жетіспеушілігінің себебін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев республика мектептеріндегі орын жетіспеушілігі мәселесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан шараларды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылға арналған бюджет жобасында мектеп құрылысына шамамен 40 млрд теңге қарастырылған. Алайда бюджеттік өтінім 66 млрд теңгеге толтырылған. Мұнда өтінім толық қанағаттандырылмаған. Оның үстіне жаңа мектептер қажеттілік өте аз Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында салынады. Халық тығыз қоныстанған ОҚО, Ақтөбе облыстары және Астана, Алматы қалалары емес пе", - деп сауал жолдады депутат Уәлихан Қайназаров Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа.

Сағадиев аталған мәселені шешудің бірнеше жолдары қарастырылып жатқанын атап өтті.

«Мектептердегі орын жетіспеушілігі мәселесіне келсек, бұл мәлімет ұлттық білім берудің деректер базасынан алынған. Аталған база жұмыс істеп тұр және осы арқылы қай өңірде, қай мектепте қанша орын жетіспейтінін біле аламыз. Екіншіден, апатты жағдайдағы мектептерді жоюға арналған бағдарлама бар. Бұл да есепке алынады. Үшінші фактор - ол үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу. Төртіншіден, мектеп салу туралы облыстар беретін құжаттар», - деді министр.

БҒМ басшысы келтірген деректерге сәйкес, биыл 112 мектеп салынды немесе салынып жатыр.

"Бұл Қазақстан бір уақытта салып жатқан мектеп саны бойынша рекордтық көрсеткіш. Әйткенмен, республика мектептеріндегі орын жетіспеушілігі мәселесі сақталады. Себебі, біз халықтың ірі қалаларға жаппай қоныстануы факторына тап болдық. Тағы бір міндеттердің бірі - мектептерді салуға жеке секторды тарту», - деді Сағадиев.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы тәжірибені елімізде көптеп салынған балабақшалардан алу қажет.

Соңғы жаңалықтар