Сағадиев электронды күнделіктерді жаппай пайдалану мәселесін көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде мектептерді кең жолақты интернетке қосу саласында бірыңғай теxникалық саясат жоқ. Соның салдарынан білім және ғылым министрлігі электронды күнделік сияқты жобаларды толыққанды іске асыра алмай отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бүгінде электронды күнделіктерді толыққанды пайдалану үшін кең жолақты интернет аса қажет. "Соның арқасында біз қағазбасты жұмыстан арыламыз. Жалпы, осы саладағы шаралар білім беру саласын цифрландыруға жол ашады. Сол кезде әрбір баланың жеке кабинеті болады. Онда балабақшадан бастап PhD-ға дейінгі барлық ақпарат, барлық бағалар сақталады. Олимпиадалар, портфолио, дипломдар - бәрі-бәрі электронды үлгіде сақталады. Бұның барлығын іске асыру үшін мектептерде кең жолақты интернет болуы қажет", - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде республика бойынша мектептердің 98 пайызы интернетке қосылған. Алайда секундтына 4 МБит болатын кең жолақты интернет тек 2 400 мектепте ғана бар. Ол 34 пайызды құрайды.

"Биыл кең жолақты интернетпен қамтуға арналған қаржы трансфер арқылы жергілікті бюджеттерде де қарастырылды. Алайда біз жергілікті биліктің мектептерге интернетті қосу қызметтерін сатып алуларын зерделей келе, осы саладағы жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын анықтады. Себебі бірыңғай теxникалық саясат жоқ. Осының салдарынан интернеттің жылдамдығы да әр алуан болып жатады. Сосын сатып алулар бір уақытта атқарылмағаннан кейін интернетке қосылмай қалған мектептер аз емес. Біздіңше, бұл жұмысты үйлестіріп отыру қажет. Ал ақпарат және коммуникациялар министрлігі бақылауды өз қолына алуы тиіс", - деп атап көрсетті министр Сағадиев.

Соңғы жаңалықтар