Сәбит Жәмбек: Өркениетті қоғамның әліпбиіне көшу - заман талабы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өркениетті қоғам қолданатын латын таңбалы әліпбиге көшу - заман талабы. Мұндай пікірін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Жәмбек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазір бұл бағытта пікір алуандығы басым. Кейбірі көзіміз үйренген төл дыбыстарымызды ерекше таңбалармен белгілеген кириллицада қала беруді құп көрсе, енді бірі көне руника әріптерін жаңғыртуды ұсынады. Қоғам өкілдерінің тағы бір бөлігі Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуына көшуді хош көруде.

«Осы пікірлерді ескере отырып, біз де өз ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Біріншіден, көне руника таңбасын жаңғыртайық деушілер қазіргі Қытай, Корея, Жапония елдерінің әлмисақтан келе жатқан бабалар жазуын бүгінгі күнмен сәйкестендіріп отырғанын, мұның өзі оларға патриоттық рух беретінін, кейінгі жастар үшін мұның идеологиялық тұрғыда символикалық мәні бар екенін алға тартады. Біз де бабалар рухын жаңғыртатын бұл таңбалардың идеологиялық тұрғыдағы символикалық мәнін жоққа шығармаймыз. Алайда, бүгінгі қарыштап өсіп бара жатқан ақпараттық біліктілік жүйеге негізделген өркениеттің, қоғамның шындығы басқа, талабы бөлек. Мұнымен санаспаса болмайды. Тіпті, дамыған Қытай, Жапония, Корея елдерінің өзінде осы таңбаларға байланысты шешілмеген мәселелер баршылық. Сондықтан оларда да уақыт өте келе латынға көшу мәселесі талқыланған. Әрі қарай бұл әңгімені соза беру орынсыз бос әңгіме болмақ», - дейді Сәбит Жәмбек.

Сонымен қатар, ол араб, мұсылман дүниесімен бір болуды көздейтін араб таңбалы әліпбидің ұтымды, оң жақтары мол екенін де айтты.

«Бірақ, біз қалай айтсақ та, тарихи мүмкіндікті, оңтайлы сәттерді кезінде жіберіп алдық. Енді оған оралу тіпті мүмкін емес. Біз қазіргі тарихи шындықты мойындауымыз қажет. Кирилл таңбалы әліпбиімізге келетін болсақ, әрине, біздің көзіміз оған әбден үйреніп қалған. Төл дыбыстарымыз ерекше таңбалармен белгіленген. Былай қарасаң бұл жазулар тонның ішкі бауындай өзіміздікі сияқты. Мұның бәрі әрине, біздің көзіміздің үйреніп кеткендігінен. Біз кирилл жазуынан айырылсақ жаппай сауатсыздыққа ұшырайтын сияқтымыз. Бұл - алдамшы түсінік. Жазуды ауыстыру - біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Қанша дегенмен жазу таңбасында кодталған, символикалық мән бар секілді. Мұның өзі біздер үшін қоғамдық-саяси, психологиялык факторлар екені рас. Бүкіл Еуропа жұрты, түркі жұрттары тұтынып отырған латын әліпбиіне тезірек көшкеніміз жөн. Және кирилл таңбалы әліпбиіміздегі төл дыбыстарымызға байланысты кеткен фонетикалық олқылықтарымызды енді латын қарпіндегі әліпбиімізде қайталамауымыз қажет.  

Атап өтейін дегенім,  қоғамда тағы бір түсінбестік бар. Біздің қоғам таңба, әріп ауыстыруды, яғни, графика ауыстыруды әліпби ауыстыру деп түсінетін сияқты. Бізде бір ғана әліпби бар. Ол - Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген, Ахаң түрлеген жаңа үлгідегі (усули жәдит) қазақ әліпбиі.

Біздің қазірге дейінгі қолданыстағы осы Ахаңның әліпбиі. Ауысса таңбалар ауысып отыр. Араб, латын, орыс әріптеріне, графикасына негізделген бір ғана әліпби, яғни, алфавит. Қазір қайтадан латын таңбалы әріпке, графикаға көшкелі отырмыз. Осыны дұрыстап ұғынсақ!  Осындай ұлттық мүддеден туындайтын, қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор мәселені ұлт болып қолдауымыз керек», - деп сөзін түйді доцент.

Соңғы жаңалықтар