Руслан Нұрмұханов: «ҚазМедТех» - медтехника лизингінің өркениетті нарығын қалыптастырады

None
None
АСТАНА. ҚазаАқпарат - Қазақстанға денсаулық сақтау жүйесін дұрыс жолға қою үшін медициналық техникаларды орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу жолынан бас тартқан абзал. Сонымен бірге, медициналық құрылғыларды сатып алу бағытында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары мен қаржылық лизингті дамытудың маңызы зор. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген «ҚазМедТех» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Нұрмұханов осылай дейді. Оның сөзіне құлақ ассақ, бұл күнде медициналық жеткізушілер мен тапсырыс берушілердің арасында түсіністік пен қарым-қатынас жолға қойылған.

- Руслан Амантайұлы, осы жылдың қараша айында «ҚазМедТех» АҚ-ның Қазақстан нарығында жұмысқа кіріскеніне жеті жыл толып отыр. Осы аралықта компания қандай жұмыстарды атқарды?

- Қаржы лизингі мен медициналық техникаларды Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізу жұмыстарымен айналысатын «ҚазМедТех» АҚ мемлекеттік компания болып есептеледі. Бүгінгі күнге дейін лизинг бойынша біз 670 келісімге қол қойдық, оның 40-қа жуығы отандық тауар өндірушілермен жасалған. 290 келісім бойынша құны 4 млрд 665 млн теңгенің лизингі өтелді. Демек, медициналық техника толығымен медициналық мекеменің меншігіне берілді. Компания осы аралықта 4 мыңнан астам сараптама (оның ішінде 1,6 мыңы лизинг бойынша, 1,5 мыңы ақылы, 1300-і бюджеттік бағдарлама аясында) жұмыстарын жүргізді. Сараптама жұмыстарының бір қорытындысы ретінде медициналық техникалардың бағаларының алғашқы тапсырыс берілген сомасынан 604,6 млн теңгеге арзандауын айтуға болады. 

Лизинг аясында құны 21 млрд 647 млн теңгенің 941 өтінімнен, сонымен қатар, бюджеттік бағдарлама бойынша 40 млрд 667 млн теңгенің 430 жобасы бойынша өтінімнен бас тартылды. Осылайша, медициналық техникалардың тиімді түрде сатылып алуының жолы кесілді. Бас тартудың негізгі себебі - қажеттіліктің болмауы мен медициналық құрылғының бағаға сәйкес келмеуі. Өздеріңіз көре алатындай, біздің сараптамамыз медициналық техника бойынша ауруханалардың нақты қажеттілігін анықтап бере алады. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау ұйымдарының ақшасын дұрыс бағытта бөлуге және медтехниканың бағасын айқындауға мүмкіндік береді. Сараптамалардан бөлек, «ҚазМедТех» АҚ 2017 жылы медтехникаларды жеткізу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестікті орнатып жатыр. Қазіргі уақытта кез келген медициналық техника әкелінбес бұрын бағаны анықтап бере алатын сарапшының тексеруінен өтеді. Бұл норма қаржыны үнемдеп қана қоймай, медтехникалардың нақты бағасын анықтайды.

- Компания медтехникаларды лизингтік жеткізу саласы бойынша монополист болып табылмай ма?

- Бәсекелестік біздің дамудың кепілі десе де болады. Біз мемлекеттік және жеке медициналық мекемелер үшін берілетін сыйақы мөлшерін теңестіріп қойдық. Мәселен, «Стандарт 1» қаржылық лизинг бойынша алғашқы салым 30% болса, жылына 5% мөлшердегі сыйақы беріледі. Алғашқы салым болмаған жағдайда медициналық ұйым 9% төлейді. Біз сыйақы мөлшері бойынша әдістемелік әрі негізді есепті ойластырып шығардық. Төменгі ставкалар денсаулық сақтау ұйымдары үшін қиындық туғызбайды. Екіншіден, бұл саладағы бірден-бір акционерлік қоғамдастық деп саналатын компанияның табысының жартысы республикалық бюджетке құйылады. Сондай-ақ, лизинг бойынша түсетін төлемақылар қайтадан жаңа медициналық техникаларды сатып алуға жұмсалады. Біз мемлекеттік компания бола тұра медициналық құрылғы лизингі нарығында орнымызды сақтаймыз.

- Лизингтік жолмен алынған медициналық техниканың кепілдендірілген сервистік қызметі бар ма?

- Әлбетте. Компания медтехниканың жұмыс атқару барысы кезеңінде лизингтік келісімге сәйкес жұмыс жүргізеді. Демек, біз толығымен медтехниканың жағдайын бақылауға аламыз. Бұған қоса жеткізушімен жасалған келісімде қатаң талаптар жазылған. Мысалы, егер медтехниканы жөндеу жұмысы ұзартылып жатса, жеткізушіге ірі көлемде айыппұл салынады. 15 күндік жөндеу кезінде жеткізуші дәл сондай құрылғыны ауруханаға беруге міндеттеледі. Егер құрылғы жеткізілмесе, жеткізуші медициналық мекеме үшін лизингтік төлемақыны өтеп береді. «ҚазМедТех» мәселе туындаған жағдайда бірден әрекет етеді. Сол себепті, лизинг бойынша медициналық құрылғыларды алған ауруханаларда алып бара жатқандай мәселе туындамайды. Соған қарамастан, медтехниканың қызметтік сервисін жақсарту бағытында жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бұл үшін компанияның сайтында сауалнама жүргізіліп, ұйымның Facebook парақшасында анкеталау алынады. Сондай-ақ, өтініштер мен ұсыныстарды компанияның [email protected] электронды пошта мекенжайына жолдауға болады. Біз конструктивті түрде еңбек етуге қашан да әзірміз.

- Қазақстандағы медициналық мекемелердің медициналық құрылғыларға деген қажеттілігі қандай?

- 2015 жылы мемлекеттік ұйым денсаулық сақтау саласында инвентаризация жұмысын жүргізді. Сол кезде барлық ауруханалардың медициналық техникаларын жыл сайын жаңартып тұру жұмысы 96 миллиард теңгені қажет ететіні анықталған. Сол уақыттан бастап Қазақстанда медтехникаларды орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу жұмысы республикалық бюджеттің есебінен жүргізілмейтін болды. Медтехниканы сатып алу жергілікті атқарушы органдардың аймақтық бюджеті есебінен жүргізіледі.

Осылайша, республик медициналық техникаларды орталықтандырылған түрде сатып алу жүйесінен бас тартып келеді. Менің ойымша, алдағы уақытта медтехникалар тек лизинг және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бағытында ғана сатылып алынады. Бұл үрдісті дұрыс әрі керекті қадам деп білемін. МЖС мен лизинг жолын қолдану бірнеше мәселелерді, атап айтқанда медициналық техникаларды тұрақты түрде жаңартып тұру мәселесін шешеді. Кез келген құрылғыны уақыты келген кезде ауыстыруға тура келеді.

Кейбір облыс басшылары бұл салаға назарын аударып, заманға сай техникаларды сатып алу үшін лизингті қолдануда. Осы тұрғыда Қарағанды облысы алға шыққанын атап өту керек. Бұл аймақтың үлесінде «ҚазМедТех» желісі бойынша алынған 193 медициналық техника бар. Қызылорда облысында 57 медтехника алынды.

Кез келген аурухана немесе емхана өз бюджеті есебінен бағасы қымбат әрі жаңа медициналық техниканы қазірден бастап қолдана алады. Төлеу реті бірнеше жыл бойы жүргізілгендіктен, медициналық мекеме үшін бұл жол да тиімді екенін айтқым келеді. Бұған қоса республикалық және жергілікті бюжетке түсетін жүк жеңілдей түседі.

Бүгінгі таңда біздің компанияның мамандары аймақтарды аралап, «ҚазМедТех» АҚ-ның тиімі ұсыныстарын түсіндіріп жүр.

- Руслан Амантайұлы, алдағы уақыттағы компанияның жоспары қандай?

- 1 қарашада біз «Астана денсаулық» көрмесі аясында халықаралық конференция ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Халықаралық деңгейдегі жиынға денсаулық сақтау саласының, медициналық техникаларды өндіретін компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен осы саладағы Қазақстанның жетекші сарапшылары келеді.

Конференция барысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, медтехникалармен қамту механизмі, медициналық персоналдарды оқыту мен сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы сұрақтар талқыға түседі.

Сонымен қатар, МЖӘ аясында ауруханалар тиімді шарттармен медициналық техникаларға ие бола алатындай бірнеше келісімдерді қолдануды көздейміз. ҚР «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық техникалардың Ұлттық базасын құру жоспарымызда бар. Бұл қадам бағаларды реттеп, өндіруші туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Ұлттық базаның арқасында кез келген медициналық ұйым медициналық техникалардың шынайы бағасын біле алады. Демек, қымбатшылыққа ұрынудан аман қалады. Алдағы уақытта медициналық техникалар бойынша барлық ақпараттар Ұлттық базаға енгізілгелі жатыр. Жылдың соңына дейін бұл жұмысты аяқтасақ, база 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастайды.

- Сіздің ойыңызша, бұған нақты қажеттілік туындап тұр ма?

- Әрине. Ұлттық база бүкіл Қазақстан бойынша бағаларға бақылау жасауға мүмкіндік береді. Біздің жүргізген сараптама жұмыстары көрсеткендей, кей жағдайда бір ғана медициналық техниканың құны 300 пайыз аралықпен сатылып жатады. Ал біз бұл тұрғыда былайша айтқанда ойын тәртібі сатып алушы мен өндіруші үшін де түсінікті болатындай тәртіпті ойластыруымыз керек. Біз ашық нарықты қалыптастырып, бұл жұмысқа қоғамдық бақылау жүргізе алатындай жағдай жасауымыз тиіс. Осылайша, мемлекеттік бюджетке түсетін жүкті де айтарлықтай жеңілдете аламыз. Меніңше, көп кешікпей, өркениетті нарықты қалыптастырамыз деген ойдамын.

Осы бағыттағы тағы бір қадам ретінде компанияның ресми сайтында лизинг бойынша өткен барлық жобалар турасында ақпаратты ашық түрде жариялап қойдық. Барлық жоба бойынша медициналық техниканың бағасы, маркасы, моделі - бәрі де жазылған. Кез келген медициналық ұйым немесе басқарма біздің сайтқа кіріп, техникалық спецификациясын жүктеп ала алады. Қайталап айтамын: көрсетілген медтехника сараптамадан өткен.

- Сөз соңындағы сұрақ - лизинг бағыты бойынша медициналық техникаларды сату бағытында қандай мәселелер бар?

- Мұндағы мәселелердің бірі - кепілдендірілмеген жөндеу жұмысы. Кейбір жағдайда қызмет көрсетуші персоналдың кесірінен медтехникалар істен шығып жатады. Мәселен, эндоскоп дұрыс жуылмай қосылса бұзылып қалады. Медициналық техникаларды ережеге сай қосу көптеген жағдайда істен шығудың алдын алады. Демек, оның қызмет көрсету мерзімі де ұзарады. Бұл жағдайлардың алын алу үшін өткен жылы және өткен аптада біз медициналық техникаларды қолдану тақырыбында семинар өткіздік.





- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар