Рухани жаңғыруға бағытталған бесжылдық бағдарламаның берері мол - Әсем Нүсіпова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінің бірлескен «Өскен өңір» жобасы аясында облыстардың тыныс-тіршілігіне шолу беріліп отырады. Бұған дейін «ҚазАқпарат» осы айдармен Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, сонымен қатар, тұтастай аймақтың ахуалына шолу жасап, мақалалар топтамасын ұсынған болатынбыз. Ендігі кезекте «Өскен өңір» айдары Шығыс Қазақстан облысының рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарына арналып отыр.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл ретте Шығыс Қазақстанда қандай жобалар жүзеге асырылады? Өңірде бүгінгі таңда нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңір бойынша жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Әсем НҮСІПОВАМЕН әңгімені ұсынамыз.
null

- Әсем Бекқызы, өткен аптада Қазақстан Республикасының  Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында Шығыс Қазақстан облысында бесжылдық бағдарлама әзірленгені туралы айтылған болатын. Осы бағдарлама жөнінде тарқатып берсеңіз.

- Иә, осы отырыста өңір басшысы Даниал Ахметов облысымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында бесжылдық үлкен бағдарламаның жасалғанын мәлімдеген еді. Еліміздің барша тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдаған Президенттің бұл мақаласы үлкен жауапкершілікті, терең талдауды қажет ететіндіктен аймағымызда осындай ауқымды бағдарлама әзірленді. Аталған бағдарлама «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 ішкі бағдарлама бойынша 61 жобадан құралады.

Өңірімізде «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша жүзеге асырылатын шаралардың жоспары түзіліп, «Рухани жаңғыру» атты жобалық кеңсе құрылды. Аталған үдеріске Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет және Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі хатшылығы, Қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдар тартылған. Бағдарлама аясында үш тілді білім беруді дамыту, археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары, ішкі туризмнің әлеуетін арттыру да көзделіп отыр. Бір ғана «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы шеңберінде 19 өңірлік жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Мәселен, «Көне қазына» жобасы аясында Берел, Шілікті, Аблайкит кешендеріндегі археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Қоңыр әулие үңгірі мен Ырғызбай ата кесенесіне инфрақұрылым желілері салынып, Шілікті кешеніне де әйнектен арнайы саркофаг тұрғызылады, «Тархан геологиялық қиығы» ашық аспан астындағы музейі ашылады. Барлық жәдігерлерді Өскеменде бой көтеретін археология және заманауи өнер музейіне қою жоспарланып отыр.

- Білуімізше, отансүйгіштік, мәдени және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған 7 өңірлік жоба әзірленіпті. Оның өзі 14 ішкі бағдарламадан тұрады екен.

- Бұл жобалар «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Тәрбие мен білімнің қоғам өміріндегі маңызы айтпаса да түсінікті болар. Қазіргі уақытта өңірде үш тілде білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы жобалар шеңберінде үштілділікті дамыту бойынша оқыту бағдарламасын одан әрі жалғастырамыз. Бұған екі жыл ішінде облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Осы орайда мұғалімдердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курстары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтарды материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды.

Ал «Білікті маман» жобасында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру бойынша мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету, жергілікті жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық және зерттеу базаларын жақсарту, шетелдік ғалымдарды шақыру, жаңа қажетті мамандықтар ашу сияқты кешенді шаралар атқарылды. Биыл біз облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге бөлдік. Төрт жылдық бағдарлама қосымша 680 миллион теңге қаражатты қажет етеді. Бұл тараптағы жұмыстар жалғасын табады. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Былтыр Шығыс Қазақстаннан 1800 мектеп бітіруші шетелге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 890-ды құрап, екі есеге дейін азайды. 

Сол сияқты «Рухани білім беру» жобасы діни ағарту, экстремизм мен радикализмге қарсы іс-әрекеттердің тиімділігін көтеру, дінтану саласында білікті мамандар даярлауға бағытталады. Қазіргі кезде 156 имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге әзірленген бағдарлама бойынша курстардан өтуде. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 150 млн  теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан дінтану колледжін құру және білім гранттарын бөлу жоспарланып отыр.

- Мемлекет басшысы өз мақаласында: «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл - қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деген еді.

- Елбасы жиі айтып жүретін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облысымызда бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе Президенттің рухани жаңғыруға үндеген мақаласы жарық көргеннен кейін туған жерге жәрдемдесемін, қол ұшын созамын дейтін азаматтардың қатары көбейді. Мәселен, жақында Астанада тұратын Дулат Тастекеев деген кәсіпкер өзі туып-өскен Тарбағатай ауданының Екпін ауылындағы бір көшені 15 миллион теңгеге толықтай асфальттап берді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Элхон» ЖШС директоры Ұлықбек Тұмашинов 100 миллион теңгеге Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылындағы 110 жыл бұрын салынған Әбдікерім Ережепов мектебін қалпына келтіріп жатыр. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы, өңірімізде «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында демеушілер мен меценаттар қаржысы есебінен 5,6 млрд  теңгенің 157 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Қалалар мен ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, қайта жөндеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде біз жоғарыда аталған 5 жылдық бағдарлама аясында «Атамекен» ішкі бағдарламасын әзірлеп, тағы да 142 жобаның тізімін дайындадық. Оны жүзеге асыруға 8,8 млрд теңге қажет.

Қазіргі уақытта 186 инвестор мен 22 ірі кәсіпорынның серіктестері анықталды. Сондай-ақ, материалдық, медициналық, заңгерлік және басқа да көмекті қажет ететін тұлғалардың базасы жасалды.

Жалпы алғанда, «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырмақ жоспарларымыз көп. Туризмді дамыту және мұралардың танымалдылығын арттыруға негізделген «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» ішкі бағдарламасы аясында киелі орындар картасы жасалып, туристік инфрақұрылымдар кеңейеді, су қоймаларының емдік қасиеті зерттеледі. Сонымен бірге, «Рухани қазына», «Абай әлемі» кітап сериясын, шығару, музей қорын сандық жүйеге көшіру, «Мәдени код: Шығыс Қазақстан» архиві мен кітапханасын құру, «Музыка әлемі», «АРТ Заман» фестивальдарын өткізу, театрлар мен шығармашылық ұйымдардың гастрольдерін ұйымдастырмақ ойдамыз.  

Сондай-ақ, «Қазақстанның табиғаты және табиғи мұралары» жобасы аясында көп данамен Шығыс Қазақстан атласын, өсімдіктер мен жануарлардың Қызыл кітабын басып шығару жоспарланып отыр. Бұл басылымдар барлық мектептер мен колледждерге, кітапханаларға түседі. Және барлық материалдар мен жобалардың нәтижесі «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасына орналастырылып, баршаға қолжетімді болады.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар