Рухани жаңғыру ұлт руханиятын жаңа тұрғыдан тануға жол ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың маңызды мәселесі - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы екені сөзсіз. Биылғы емес-ау, Елбасының бастамасымен айқындалған бұл бағдарлама алдағы болашағымыз үшін жұмылатын рухани бағдар. Осы бағдарламаға орай ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков басқаратын Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмыс топтары айқындалғалы бері жан-жақты жұмыстар саралана бастаған болатын. Бес бағыттағы жұмыс тобы нақты жоспарларын жасап, іске кіріскен еді.

Жұмысқа барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері тартылды. Бүгін Ақордада комиссия жетекшісі, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның екінші отырысы өтіп, онда аралық кезеңде атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бұдан бөлек, жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру ауқымында орталық және жергілікті мемлекеттік органдар атқарған жұмыстардың нәтижелерін талқылады. Отырыста негізгі баяндаманы ҚР Премьер-Министр Кеңсесі басшысы Нұрлан Алдабергенов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жасаған болатын. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстың негізгі нәтижелері, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі ұйымдастырудың нақты шаралары аясында, латын қарпіне көшу, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобалары бойынша, жұмыс топтарының жетекшілері есеп берді.

Талқылау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның ішінде арнайы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар да қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты шешімдер қабылданып, мемлекеттік органдар мен жұмыс топтарының жетекшілеріне тапсырмалар берілді.

Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:

Бүгінгі отырыс мазмұнды өтті деуге болады. Жалпы латын әліпбиіне көшу, Туған жер, киелі жерлер, ұлттық мәдениетімізді шетелдерде таныту, қазақ тіліне 100 танымал оқулықты аудару бағыттары бойынша әзірленген жоспарлар комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Бұл жоспарлар жан-жақты ойластырып, егжей-тегжейлі пысықталып, дайындалған. Енді осы құжатқа сәйкес Ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар, зиялы қауым өкілдері жұмыстар жүргізетін болады. Жалпы бүгінгі отырыстың негізгі қорытындысы - нақты жоспарлар қарастырылып, мақұлданды

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Айрықша атап өткім келетіні Қарағанды облысының жұртшылығы мен қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері және ел кәсіпкерлері мұндай бастаманы өте қатты қолдап, қуаттауда. Аймақтағы атқамінер азаматтар мен кәсіпкерлер «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жүз миллион теңгеден астам қаражат жинап, саламатты өмір салтын насихаттауға сеп болатын түрлі әлеуметтік нысандарды салуға қызу кірісіп кеткені сөзімді айғақтай түседі. Оның үстіне спорттық нысанды салып елді мекенге сыйға тартумен шектелмеу қажеттігін жалпы қоғам сезініп отыр. Жаппай қолға алынған мұндай игілікті шараның астарында ел мен жерге, Отанға деген шексіз құрмет пен байтақ Қазақстанға деген шексіз патриоттық сезім жатқаны сөзсіз. Демек, мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба жастардың бойында отансүйгіштік қасиет қалыптастыратыны ақиқат. Әрине, Елбасы мақаласында арнайы аты аталған Ұлытау өңіріне қатысты жобаларды дамыту, жетілдіру жұмыстары қызу қолға алынатындығын да айрықша атап өткім келеді. Өйткені, Ұлытау өңірінде осы күндердің өзінде ауқымды жұмыстар басталып та кетті.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі:

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асырар болсақ, Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның болашағы мүлдем басқаша болады. Өйткені, әр халықты оның рухани байлығы мен сана-сезімі қалыптастырады. Ал бұл бағдарлама біздің сана-сеніміміздің жоғарылауына, өз құндылықтарымызды сақтауға септігін тигізіп, дүниежүзінде қазақ кім дегенде «мен» деп мақтанышпен айтатындай жағдайға жеткізуі тиіс. Сонымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында еліміздің өңірлерінде жастар еліміздің тарихи аймақтарына экспедициялар ұйымдастыру үстінде. Ал Мәдениет және спорт министрлігі болса жаз айында 7 бағытқа арналған бүкіл қазақстандық экспедиция дайындауда

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Бүгін мен жоспарда тұрған 2 жаңа бастама жайында айттым. Бұрын алматылықтар, жалпы қазақстандықтар «Азия дауысы» жобасы туралы көп айтатын. Сондықтан біз Медеу, Шымбұлақты көрсету, жалпы Алматының туристік әлеуетін көтеру үшін «Азия жұлдызы» деген жобаны бастамақпыз. Қыркүйек айында, өздеріңіз білетіндей, әрбір үшінші демалыс күні Алматы қаласы күні тойланады. Сол күні Медеу мұз айдынында осындай фестивальді өткізу арқылы өзіміздің мәдениетімізді Азияға паш ететін боламыз. Мұнан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясы аумағында бос жатқан жерде этноленд жобасы қолға алынады. Ол жерде қала тұрғындары, аймақтардан келген азаматтар, шетелдік қонақтар Алматының мың жылдық тарихымен таныс болады. Белгілі ғалымымыз Карл Байпақов Алматы қаласында түрлі қорғандардың өте көп екендігін айтқан болатын. Олардың көбі жеке кәсіпкерлердің, банктердің иелігінде. Біз сол жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ашық аспан астындағы музейлер жасайтын боламыз.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Батыс Қазақстан аймағындағы мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту мен оны ел ішінде кеңінен насихаттау мақсатындағы жоспар, жобаларымызды комиссия мүшелерінің алдында таныстырып, талқыладық. Өйткені, біздің өңірде ел тарихын танып, білуге құштар жандарға көрсете алатындай бай тарихымыз бен көне жәдігерлеріміз аз емес. Сол сияқты, «Туған жер» бағдарламасындағы міндеттерді орындау үшін аймақтардан меценаттар мен демеушілер іздестірілуде. Қоғамды ауызбірлік пен ұйымшылдыққа, тату-тәтті тіршілік кешуге үндейтін әртүрлі әлеуметтік маңызы зор жиын, шаралар өткізуге белсенді әрі ұлтжанды азаматтар тартылуда. Мәселен, бұл бағыттағы игі ісіміздің бірі - Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай, аймақ орталығынан арнайы «Алаш» музейін ашуды жоспарлау үстіндеміз. Мұндай ойды өңір кәсіпкерлері мен азаматтары бірауыздан құптады. Бәрі ойдағыдай болса, жыл соңына қарай «Алаш» музейін ел тамашалайтын болады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін өңірде өз заманынан бері мұрты бұзылмай сақталған ғимарат та, оның ішін толтыруға көне жәдігерлік бұйымдар да жеткілікті.

Соңғы жаңалықтар