«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: Дизайнерлер байқауының Гран-при иегері өзінің жеңісі туралы айтып берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау әрі оны халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында «ҚазАқпарат» ХАА жариялаған дизайнерлік конкурстың жеңімпазы, павлодардық Денис Романов бірегей эскиздерді қалай салғаны туралы сыр шертті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мен байқауға қатысқан басқа да үміткерлердің еңбегін көріп шықтым. Онда шынында да, бірегей туындылар әкелінген екен. Өзімнің зайыбыма солардың арасынан менің еңбегімді таба аласың ба деп сұрақ қойдым. Жұбайым бірінші орын алған астаналық Мадина Мұқанованың еңбегін көрсетті. Әлбетте, ол менің еңбегім болмаса да, шынайы мықты туындыны зайыбым байқай білді. Мен де бас жүлде Мадинаның еншісінде болар деп ойладым. Өзгелер де барын салғанымен, бағдарламаның ойын дұрыс жеткізе білген еңбектер жарып шықты. Бәлкім, қатысушылардың кейбірі керемет сурет салып берген болар, бірақ дизайнерлік деген суретшілік емес. Ол да шығармашыл адам, бірақ бояудың хас шебері емес. Бізден нақты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ойын тура жеткізу талап етілді», - дейді Денис Романов.

Денис Павлодар қаласында тұрады. Қазіргі уақытта Еуразия университетінің Инновациялық жарнама және маркетинг орталығының жетекші маманы болып еңбек етеді. «ҚазАқпарат» ХАА байқауы туралы танысы арқылы білгенін, байқауға қатысу үшін Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын толығымен оқып шыққанын айтады.

Ақырында, Денис алты эскиз дайындап шығарды. Байқаудың қорытындысы жарияланған салтанатты шарада өз еңбегі туралы қазылар алқасының ойын біліп алған екен. Денистің өнерін шынайы бағалаған әділ қазылар алқасы оған ары қарай дизайнерлік өнерді дамытуға болатынын айтқан. Байқаудың шарты бойынша бағдарламаның барлық алты тарауын қамту міндетті емес. Тек солардың бірін таңдап алуға болар еді. Алайда павлодарлық алты бірдей эскизді дайындауға бел шешіпті.

Денис салған символдардың барлығын бір дөңгеленген геометриялық фигура байланыстырады. Ал оның ішінде глобус (Елбасы мақаласында жазғандай, жаһандық әлем мағынасын білдіреді) пен спираль (сананың ашықтығы), шаңырақ (ұлттық бірегейлікті сақтау), магистранттардың қалпағы (білім) бейнеленген. Ең қиыны, Денис үшін сананың ашықтығын бере білу қиынға соққан көрінеді. Прагматизмнің бейнесі де дизайнер үшін оңайға түспеген.
null null null 

Денис Романов өзін-өзі асқан шебермін деуден аулақ. Пікіріне құлақ ассақ, оған ең бастысы тәжірибе көмектескен. Өзі 10 жылдан бері дизайнер болып еңбек етеді. Бірнеше жыл бойы клиенттермен жұмыс істей отырып, алдына келген адамдардың ойын оқып тұратындай туындыларды дүниеге әкелу Денистің қолынан келетін болып шықты.
null null 

 Жергілікті оқу орнында студент болып жүріп-ақ, ол жоғарғы оқу орнында жұмысын бастап кеткен. Дениске сол кездің өзінде ЖОО-ның газетін әзірлеу, баннерлер мен буклеттерді сәндеу, логотиптерді ойластырып шығару, фото түсіріп оған монтаж жасау міндеті жүктеліпті. Бір сөзбен, ақыл-ойы жүйрік дизайнердің көмегіне көп адам жүгінген. Тапсырыстар жетерлік. Жергілікті «Ертіс» футбол командасынан да жиі ұсыныстар түсіп жатады. Павлодардың көшелерінде Романов әзірлеген логотиптер қала көркіне айналған. 2017 жылы «Астана» және «Қайрат» командалары мен «Атырау» және «Қайрат» командаларының арасындағы матчтардың бағдарламасын дизайнерлік үлгіде дәл осы Денис әзірлеп берген.

Еске сала кетсек, 21 желтоқсан күні «ҚазАқпарат» ХАА жариялаған дизайнерлер байқауының жеңімпаздары анықталған болатын. Конкурсқа жұмыстарды қабылдау 1 қарашадан басталып 15 желтоқсанға дейін жалғасақн еді. Ұсынылған жұмыстар «Білім культі», «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді тақырыптарға сәйкес қабылданды. Әрбір қатысушы немесе ұжым аталған 6 бағыттың әрқайсысына тек 1 ғана жұмысын ұсынуға мүмкіндік алды. Байқаудың бас жүлдесін Павлодар қаласынан келген Денис Романов жеңіп алса, жүлделі бірінші орынға ие болған Назарбаев университетінің студенті Мадина Мұқановаға «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыс еткен болатын. Екінші орынды (1 миллион теңге) Павлодар қаласынан келген Рустам Саримов ұтып алса, үшінші орын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Сәуле Жиенқұловаға (500 мың теңге) бұйырды.

Соңғы жаңалықтар