«Рухани жаңғыру»: Боралдай сақ қорғандары кешенін қандай өзгерістер күтіп тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде ұлттық идеологияның өзегіне айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына толық бір жыл толды. Осы уақыт аралығында Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрсеткен келелі міндеттердің біршамасы атқарылды.

Өз мақаласында Мемлекет басшысы ұлттық код сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайтындығын айтқан болатын.

Аталған міндетті жүзеге асырудың бір парасы ретінде биыл ақпанда Алматы қаласының әкімдігі мен  Visit Almaty туристік орталығы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешенінде екі мәдени нысанды ашқан еді.

Болашақта ежелгі сақ дәуірі туралы сыр шертетін бірегей археологиялық орталықты қала билігі одан әрі дамытпақ.

Атап айтқанда, қазір қалалық әкімдікте Боралдай сақ қорғандарын дамытудың кешенді жобасы қабылданып жатыр.

Жоспарға сәйкес Боралдай сақ қорғаны археологиялық кешені маңында Сақ мәдениетінің орталығы ашылады.

Қалалық Мәдениет және архивтер басқармасында  жобалық-сметалық құжаттама жасалды.

Әзірге құжаттар сарапшылардың талқылауында жатыр.

«Бүгінде тарихи жәдігерлері арқылы  туризмді дамытып отырған ел көп. Солардың тәжірибесін ала отырып ашық аспан астындағы музейлер жұмыс жасайтын болады. Музейлер бірлестігі Боралдай сақ қорғандары аумағында мамырда қазақы киіз үй құрып шағын тарихи экспозиция жасауды жоспарлап отыр. Онда келушілер қазақ хандығы кезеңінен бергі мәдениетпен таныса алады», - деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Дүкенбай Нұрлан.

Оның айтуынша, тақырыптық экспозиция отандық туристермен қатар шетелдік туристер келетін қызықты орынға айналмақ.

«Киіз үй толығымен қазақы қолөнер мұраларымен жабдықталады. Тіпті ұлттық тағам түрлерінен тапсырыс беру арқылы қызмет көрсету жоспарланып жатыр. Сақ мәдениеті тек қана Қазақстан жерінде емес, сақ кезеңіне қатысты сақ тайпаларынаың таралған ареалы өте ауқымды.  Украина, Ресей, Әзербайжанда, ТМД аумағында табылған мәдени артефактілердің көшірмелері осы музейге жеткізіледі. Сондай-ақ, келушілер сақ дәуірінің тек қана материалдық мұрасын ғана тамашалап қоймай, рухани мұраларымен де танысатын болады. Қорған аумағында  үйірмелер, шеберлік клубтары, садақ ату, атпен жүру, түрлі қару-жарақ жасау сияқты машықтарға үйрететін алаңқайлар жасақталады. Кешен ішінде бірнеше туристік маршрут болады. Қорымдарды сол заманның атрибутикасы атарбамен, жаяу немесе электромобильмен аралауға болады», - деді маман.

Оның айтуынша, орталық жанында жас археологтар үйірмесі ашылады. Арехология саласына қызығушылық танытқан мектеп оқушылары теориялық тұрғыдан  музейде түрлі экскурсиялар арқылы білім толықтырса, практикалық тұрғыдан тарихи орындарды аралап, қазба жұмыстарына қатысатын болады. 

«Рухани жаңғыру бастамасында Туған жерге тағзым туралы айтылған. Соған сәйкес жас археологтар туған жерінің тарихымен, бай археологиялық қазба мұраларымен танысады», - деді ол.

ТМД-да теңдесі жоқ орталықтың бірегейлігін тағы бір нысан еселей түспек.

«Сақ қорғандарының жанында атақты реставратор Қырым Алтынбековтың зертханасы жұмыс жасайтын болады. Бұл кісі сақ кезеңінен бастап ғұн, қимақ, қыпшақ археологиялық мұраларын қайта жөндеумен айналысып келе жатыр. Мәселен,  қазба жасалған кезде көзге көрінбейтін заттар болады. Қоймалжың балшықта қандай органикалық заттар бар екені көзге көрінбейді ғой. Сол қазбадан шыққан балшықты әкеліп, зертханадан сол дәуірдің киімдерін,  маталарының үлгілерін, шеберлердің жұмысын қайта жаңғыртуға болады. Қазіргі таңда Қырым Алтынбековтың зертханасына тек Қазақстан мамандары ғана  емес, Ресейдің Эрмитажынан, Францияның Луврынан  мамандар келіп, өзара тәжірибе алмасып отырады. Осылайша аталған орталықта сол заманда адамдардың тұрмысы қалай болғаны, жерлеу рәсімдері қандай болғаны, қолданыстағы заттары, рухани-мәдени жәдігерлері туралы толық мағлұмат алуға болады», - деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Дүкенбай Нұрлан.

Тарихшылардың айтуынша, қазіргі Алматы орналасқан жердің тарихы 28 000 жылдан асады. Климатының жайлы, топырағының құнарлы және суының мол болуының арқасында бұл жер ешқашанда бос жатпаған. Бұған археологиялық қазбалар барысында табылған көптеген заттар дәлел. Шамамен б.з. дейінгі Х ғасырдан бастап бұл жерде ірі көшпелі тайпалар - сақтар пайда болған, кейіннен бұларды үйсіндер алмастырды.

Алматы аймағында ежелгі сақтардың қорымдары мен бұрынғы тұрғын жайлары жиі кездеседі. Оның көпшілігі әр жерде некен-саяқ қана кездессе, Боралдай аумағында қорғандар көп шоғырланған. Боралдай сақ қорғандары - Алматы аумағында ерте темір ғасырынан сақталған бірегей ескерткіш. Мұнда сақтардың тұрғын жайлары мен қорымдары кешен күйінде сақталған.

Ол қаланың Алатау ауданында, Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында, әуежайға жақын жерде орналасқан. Мұнда көне қорым бар, оның тарихы екі жарым мың жылдан асып жығылады. Археологиялық кешен 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұрады. Олардың ең үлкенінің биіктігі 14 метр, ал диаметрі 100 метрден асады.

Бүгінде аталған археологиялық кешенде екі мәдени нысан жұмыс жасап тұр.

Олардың бірі - ежелгі сақ дәуірі кезеңіндегі сақтардың өмір сүру тұрмысынан сыр шертетін тұрғын-жай макеттері болса, екіншісі - сол кездегі аса маңызды ритуалдардың бірі - жерлеу рәсімін көрсететін қорымдар.

Соңғы жаңалықтар