Рухани жаңғыру - білім саласының жаңа көкжиегі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың басты жаңалығы - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарыққа шығуы болды. Аталған мақаланың халықтың ертеңі алдындағы маңызы айқын. Ең бастысы, қолымызға алдағы рухани дамуымызға қажетті, жол көрсететін құбылнама іспетті бағдарлама тиді, деп жазады Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мейір Ескендіров.

«Рухани жаңғыру» - еліміздегі білім берудің бүтіндей жүйесінің, оның ішінде жоғары мектеп үшін айрықша «мүмкіндіктер кеңістігіне» айналуда.

Бұл маңызды құжат жоғары мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыстарын жүйелеуге кең мүмкіндіктер ашады. Осы мақсатта біз рухани білім беру бағдарламасын дайындау және жетілдіріп отыру негізгі міндеті болып табылатын «Мәңгілік ел» қоғамдық-гуманитарлық кафедрасын аштық.

Жаңашылдықты ескі әдістермен оқытуға болмайтыны аян. Сондықтан да бағдарламаны жүзеге асыру аясында жобаның әдістерін оқу-тәрбие үрдістеріне кеңінен енгізуге бағыт алынды. Біздің таңдауымыздың негізінде прагматизм қағидасы тұр. Жобаның қызметі сөзден iске көшiп, қажеттi қолданбалы икемдiлiктерге ие болуға мүмкіндіктер туғызу.

Нақты мысалдар келтіретін болсақ, университетте іске асырылып жатқан «Күншығыс - Шығыс Қазақстан тарихи-мәдени каталогы» жобасы тарихшылар, биологтар және географтардан тұратын үш ірі экспедицияларды қамтып отыр. Нәтижесі айтарлықтай. Ол барлық оқу-тәрбие үрдісіне оң әсерін тигізуде.

Тағы бір басқадай мысал, ол түрлі ғылыми салаларды қамтыған зерттеулердің интеграциялануы. Көп жылдардан бері университетіміздің студенттері археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда. Ағымдағы жылы олардың қатарына басқа мамандықтардың да өкілдері қосылды. Университетіміздің экологиялық зерттеулер зертханасы «Шығыс Қазақстанның киелі орындарының атласы және электронды картасы» жобасы аясында жүргізілген далалық жұмыстардың нәтижесінде алынған археологиялық артефактілерге арнайы зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Кешенді зерттеулердің нәтижесіне болашақ IT-мамандарының тікелей қатысының болуы көңілге үлкен сенім ұялатады. Мұндағы нәтиже - студенттердің нақты істі өз қолдарымен атқарып, оны сезінулерінде жатыр.

Аса маңызды міндеттердің бірі - білім алушылардың әлеуметтік құзіретін қалыптастыру. 2017 жылы университетке қабылданатын студенттер үшін бакалавриаттың кәсіби тәжірибесі бағдарламасына 15 сағат көлемінде қосымша білім беру үшін «Әлеуметтік кредит» курсы енгізілді. Жоғары білім беру мамандықтарының қосымша оқыту түрлері типтік оқу жоспарындағы таңдау компоненті есебінен бөлініп отырған қаржы, жоғары оқу орнының күндіз оқитын бөлім студенттері үшін 60 000 сағат жалпы пайда әкелмек.

Қазіргі таңда елімізде әлемдік 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аудару жұмыстары басталып та кетті. Отандық университеттердің тұлғаны дамытуға қажетті әлемдік үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару бастамасын өздеріне алуға толық мүмкіндіктері бар. Бүгіндері біздің университет аталған бағыт бойынша 5 кітапты аудару жұмыстарына кірісті.

Ұлы Абайдың философиясындағы танымдық-ағартушылық ойлардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген мәселелермен үндесіп жатқанын байқауға болады. Абай философиясы еш уақытта ескірмейтін, замана сұраныстарына лайықты жауап табуға болатын жауһарлардың қатарында. Сондықтанда гуманитарлық саладағы білім беру және тәрбие ісінде Абайдай ойшылдарымыздың еңбектері де қолға алған тағдырлық маңызы үлкен осы ұлы іске септігін тигізері анық.

Осы мәселелерді іске асыру үшін ең бірінші қажеттілік - жастарды Елбасының еңбектерімен кең ауқымды танысуға мүмкіндіктер туғызу. Бұл үшін біздің университет «Планшетті білім беру» жобасын әзірледі.

Мұны жүзеге асырудың кілті ретінде планшеттерге Елбасының кітаптарының және бағдарлама аясындағы басқа да материалдардың электронды нұсқаларын енгізу қарастырылған.

«Планшетті білім беру» жас мөлшерлері мен білім деңгейлері әр түрлі жастар арасында бағытты және қолжетімді насихат жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде күн көрісі және қорғалуы төмен әлеуметтік топтардан шыққан жастардың, балалар мен жасөспірімдердің көшбасшыларына айрықша мән беріледі. Жұмыстың нәтижелілігі тұрғындармен жүйелі түрде қарым-қатынас орнатумен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселеге көңіл аударуымыз керек. Рухани жаңғыру бағдарламасы, шын мәнінде қоғамдық сананы өзгерту бағытындағы гуманитарлық ғылымдағы инновациялық серпіліс. Алайда кез-келген ашылулардың ғылымилығы оның методологиялық дайындығымен анықталады. Сондықтан да бүгінгі таңдағы жоғары мектептің, гуманитарлық ғылымдардың алдыңдағы маңызды міндет - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының методологиясын негіздеу болып табылады. Методологияның өзін, күрделі теориялық және тәжірибелік міндеттерді жүзеге асыру мен қолданудағы дүниетанымдық қағидаларының жиынтығы деп, кең мағынада түсінуіміз керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының методологиялық негізінде Елбасының еңбектері тұруы тиіс. Ол үшін түрлі салалардағы ғылыми ойлардың кең ауқымдағы интеграциясы қажет.

Бүгінгі әлемдік бәсекелестік заманында бізге сергектік пен серпіліс керек. Тұңғыш Президентіміздің тың идеялары жаңа нәтижелі көкжиектерге бастайтын серпіліс. Ал жоғары оқу орындары қоғамдағы қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс. Басты мақсат - түсіндіруден әрекетке көшу болмақ.

Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мейір Ескендіров

Соңғы жаңалықтар