Рухани жаңғыру бағдарламасына қырғыздар да қызығып отыр - Толобек Абдырахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған идеяларды жүзеге асыру Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға, тіпті барша түркі елдеріне ықпалын тигізеді.

Бұл туралы бүгін И. Арабаев атындағы Қырғызстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Толобек Абдырахманов Астанада өткен халықаралық форумда мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада Шымкентте Орбұлақ шайқасының 370 жылдығына арналған жиынға қатыстым. Баспасөз құралдарынан Талдықорған қаласында Қазақстанның жас ақын-жазушыларының съезі болып жатқанын оқыдым. Ал бүгін Астанада қазақ пен қырғызға ортақ жазушы - Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Мұның барлығы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан игі істер», - деді Толобек Абдырахманов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «Рухани жаңғыруда» айтылған идеяларды жүзеге асыру Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға, тіпті барша түркі елдеріне ықпалын  тигізеді.

«Тарихшы ретінде Қазақстанда жасалып жатқан оң өзгерістерді көріп, қуана қараймыз. Былтыр Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын толық оқып шықтым. Онда айтылған ұсыныстар, әсіресе, тарихты қайта қарап, оны шындыққа негіздеп қайта жазу идеясы тұтас түркі елдері үшін қажет. Жасырары жоқ, тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде мол рухани байлығымызды назардан тыс қалдырдық. Уақыт оздырмай, олқылықтың орнын толтыру қажет. Ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды да Қазақстан дер кезінде қолға алды. Қазіргі уақытта оқулық мәселесі Қырғызстанда да өте өзекті болып отыр. Латын графикасы да  - біздің еліміздің алдында тұрған мәселе», - деп өз сөзін жалғастырды ол. 

Сондай-ақ, Т. Абдырахманов Қырғызстанның латын графикасына көшуі қажет деп есептейді.

«Қырғызстанның бұрынғы президенті латын графикасына өтпейміз деп кесіп айтқан болатын. Жаңа Президент сайланған соң, зиялылар латын жазуына көшу идеясын жиі айтып жүр. Себебі, көршілес әрі бауырлас елдердің барлығы латын жазуына көшкенде, жалғыз Қырғызстанның қалып қоюы мүмкін емес», - дейді ол.

Сөз соңында Толобек Абдырахманов қазақ пен қырғыз қарым-қатынасының өте тығыз екенін, мұндай бауырластықтың еш жерде кездеспейтін атап өтті.

«Тарихта қалған Орбұлақ шайқасында қырғыз-қазақ бірігіп, жоңғарларға бас көтерген болатын. 1916 жылғы көтерілісте қырғыздар мен қазақтар патшалық үкіметке қарсы көтерілді. Октябрь революциясы жеңгеннен кейін, «Еркін Түркістан» мемлекетін құру идеясы көтерілгенде қырғыз бен қазақ интеллигенциясының ойы бір жерден шыққан еді. 1916 жылы Үркін қасіретінде қазақтар қырғыздарға жәрдем берсе, 1930-жылдары ашаршылықта қырғыздар қазақтарға қол ұшын созды. Мәдениет саласында қазақ зиялылары Шыңғыс Айтматовты қошеметке бөлеп,  «Адамзаттың Айматовы» атандырды. М. Әуезов бастаған қазақ оқымыстылары «Манас» эпосына зерттеу жүргізді.  Дәл осындай тарихпен сабақтасқан бауырластық қарым-қатынас ешқашан бұзылмайды. Керісінше, оны нығайта түсу керек», - деді Т. Абдырахманов.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған халықаралық форум өтті. Оған Қазақстан мен Қырғызстанның беделді қайраткерлері, мәдениет өкілдері қатысты. 

Соңғы жаңалықтар