«Рухани жаңғыру» бағдарламасына бір жыл: ОҚО-да 577 нысан бой көтерді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  -  Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағанына 1 жыл толды. Осы аралықта Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды орындау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының 844 елдімекенінде 4 370 іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, өңірлік комиссия және Сапаршылар кеңесі құрылған болатын. Сарапшылар кеңесінің құрамында зиялы қауым, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, барлығы 20 адам жұмыс істеді. Нәтижесінде облысымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша республикада алдыңғы қатарға шықты.

Мәселен, өңірде «Туған жер» жобасы бойынша 577 нысан бой көтеріп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Олардың қатарында білім, денсаулық, спорт, мәдениет және әлеуметтік ғимараттар бар.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауда да оңтүстік өңірі алда келеді. Дәлел ретінде облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен түсірілген бірқатар анимациялық фильмдер мен телехикаяларды келтіруге болады. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беретін «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикаясы, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы - Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдер түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.

«Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы бойынша да ауқымды шаруалар атқарылды. Қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін өңірлік жұмыс тобы құрылып, киелі жерлердің өңірлік картасының жобасы жасалды. Оған облыстағы 104 қасиетті киелі жерлердің тізімі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынылып, оңтүстіктен 24 нысан республикалық тізімге енгізілді. Бұл басқа облыстармен салыстырғанда саны жағынан екі есе көп көрсеткіш.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша дауыс беру арқылы облысымыздан 247 үміткер іріктеліп, 100 жаңа есімге 6 азамат енгізілді. Бүгінгі күні «100 жаңа есім» жобасына енген азаматтардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыста әлі де атқарылар шаруалар жетерлік. Бүгінде алдағы уақытта іске асатын жобалардың жұмыс жоспары бекітіліп, тиісті шаралар атқарылуда. Соның бірі -«Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнату. Одан бөлек, «Үш би» көпсериалды фильмі және «Ордабасы - бірліктің туы», «Көне Түркістан», «Шымкент тарихы», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдер түсіру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар