«Рухани жаңғыру» бағдарламасын Париж қалай қабылдады

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің жанкүйері Париж төрінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын таныстыру құрметіне орай ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен гала-концерттегі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Париж төріндегі концертке ондаған отандық әртістер мен бишілер келген. ЮНЕСКО сахнасында Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, «Астана балеті» театры мен «Номад» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Қайталанбас өнерімен көрермендерді Димаш Құдайберген, Медет Шотабаев, Салтанат Ахметова, Сүндет Байғожин, Майра Мұхамедқызы және тағы басқа әншілер тамсандырды.


Бұдан басқа келесі жылы туғанына 200 жыл толып, есімі ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдардағы естелік күнтізбесіне енгізілгелі отырған Құрманғазының күйлері орындалды.

«Мұндай ерекше шоу үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мен залға Димашқа деген махаббатпен кіріп, Қазақстанға ғашық болып шықтым. Бұл концерт мен үшін өте үлкен жаңалық болды», - дейді Сорбон университетінің ортағасырлық археология кафедрасының доценті Клэр Мабир Ла Кай.

Доцент өз сөзінде Димаш Құдайбергеннің француздық фан-клубына кіретінін атап өтті. Қазақстандық әншінің табынушылары сүйікті әншісінің шығармашылығын бақылап, ол туралы Facebook, Twitter  және Instagram желісіндегі жаңалықтарды күтіп отырады екен.

«Сіздердің музыканттарыңыз бен бишілеріңіздің, әншілеріңіздің дарыны тамсандырмай қоймайды. Дирижердің (Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінен Арман Жүдебаев - авт.) өзі қандай керемет. Оның өнеріне өне бойымыз шымырлап, серпіліп қалдық», - дейді ол.

Клэр Мабир Ла Кай қазақстандық музыканттардың орындаған әуендері көңіл айдынында қалып қойғанын айтады.

«Шынымды айтсам, дәл осындай әуезді әуеннің барын білмеппін. Тарихтың тылсым түкпіріндегі әуендер сахна төрінде ойнап тұрған секілді. Димаштың концертінің арқасында мен сүйікті әншімді жақыннан көрдім. Өнерінің құдіреттілігін сезіндім. О баста мен сезбесем де, осы концерттен кейін сіздерің елдеріңіздің озық қасиеті Димаштың бойынан табылғанын көріп отырмын», - дейді қазақстандық өнердің жанкүйері.

Сонымен бірге, қалың көрерменді 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының тарихына бойлатқан ұлттық киімдер көпшіліктің қошеметіне бөленді.

«Ұлттық киімдер қандай көркем, ұлттық аспаптардың әуенінің қасиетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біз Батыста өзіміздің дәстүріміз бен ұлттық киімдерімізді жоғалтып алдық. Мен Қазақстанда бұндай жағдай қайталанбас деп сенемін. Елдеріңіз ұлттық мұраға өте бай», - деп тамсанады ол.

Айта кетсек, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасының тұсаукесері әлі де жалғасып жатыр. Қазақстандық делегация әлемдік бірлестіктерге қазақ халқының өнер саласындағы ең озық жетістіктерін танытуда. Шара барысында «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «100 жаңа есім», «100 кітап» және латын әліпбиіне көшу бағдарламаларын таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар