«Рухани жаңғыру» аясында Қазталовта 75 жоба қолға алынбақ - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында «Туған жер - тұғырың, туған ел - қыдырың» атты жерлестер форумы өтті,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған басқосуға Қазақстанның әр жерінде жүрген 300-ге тарта жерлестер жиналып, туған жерге тағзым етті.

Меймандар ауылдың көрнекті жерлерін аралап, «Туған жерге тағзым» шарасы аясында салынған әлеуметтік нысандармен танысты. Мұндай үлгі аларлық істі бастаған Жалпақталдың 1969 жылғы түлектері жаяу жүргіншілер алаңы мен субұрқақты іске қосса, 1977 жылғы азаматтар футбол алаңын, ал 1978 жылғылар ойын алаңын салып берген еді. Ал 1979 және 1980 жылы дүниеге келгендер «Менің жүрегім Жалпақтал» жарық-диодты композициясын тарту етті. 

Жерлестер форумына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын табыс етіп, туған жерге қамқорлық туған елге деген жанашырлықпен астасатынын жеткізді.

null

Аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға, өңірдің дамып, қайта түлеуіне үлес қосқан азаматтар аз емес. Мысалы, «Туған жерге тағзым» шарасы аясында 2009-2017 жылдар аралығында 141,760 млн теңгені құрайтын 53 жоба жүзеге асырылды. Алдағы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазталовта 75 жоба қолға алынбақшы.

Форум аясында өзара ынтымақтастық туралы жеті меморандумға қол қойылды. Жерлестердің таяуда 20 млн теңгеге демеушілік жасайтыны белгілі болды. Атап айтқанда, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Жолдыбай Тапауов Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекенінде 8 млн теңгеге клуб ғимаратын салып бермекші. Талдыапан ауылында «Асқар» ШҚ жетекшісі Дархан Қыдырәліұлы алтыбақан алаңын салуға 800 мың теңге, «Прожж Инвест» ЖШС жетекшісі Самат Ержанов Болашақта орталық саябақты абаттандыру жұмысына 1 млн теңге жұмсамақшы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев туған жері Сарықұдық ауылында өз қаражаты есебінен 5,2 млн теңгеге медпункт салып берген болатын.

null

Соңғы жаңалықтар