Рудныйдың кен басқармасы 220 млрд теңгенің өнімін өндірген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудныйдағы «Соколов-Сарыбай» кен басқармасы құны 92 млрд теңге болатын 3 жобаны игермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін» деп аталған жалпыұлттық телекөпір кезінде бірнеше маңызды жобаның тұсауын кесіп, жұмысын бастап берді. Солардың бірі - «Соколов-Сарыбай» кен басқармасының Қашар бөлімшесінде енгізілген «Ақылды кеніш» жобасы.

«Әр ауысым сайын Қашардан кен арту үшін 14 экскаватор, 30 технологиялық автомобиль жұмыс істейді. Осы техникаларды дұрыс пайдалану, оларды орналастыру, тасылатын кеннің көлемі, сапасы туралы ақпарат алу үшін өте көп уақыт кететін еді. Ал кез келген салада уақыт қаржы және табыс көзі болып саналады. Қазір осы жұмыстарға қатысты толып жатқан ақпараттың барлығын диспетчер қадағаламайды. Енді барлығы компьютерден бақыланады», - дейді кеніштің өндіріс шебері Мерей Өтеулиев. 

Маманның айтуынша, «Ақылды кенішпен» бірге америкалық «Модулар Майнинг Системс» компаниясының DISPATCH жүйесі енгізілді. Бұл төтенше жағдайлар бола қалғанда шұғыл әрекет жасауға мүмкіндік береді.

«Техника тұрып қалмайды, процесс үзілмейді. Әзірге нақты нәтиже туралы айту ерте. Дегенмен кемінде үнемділік пен еңбек өнімділігі 10 пайызға артады деп жоспарлап отырмыз. Жұмыс әлдеқайда жеңілденді», - дейді өндіріс шебері.

Жалпы, кен басқармасы 2016 жылы 177,1 млрд теңгенің өнімін өндірсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 218,3 млрд теңгені құрады. Кәсіпорынның индустриясына 2025 жылға дейін 92 млрд теңгені бағыттау жоспарда бар. Атап айтқанда, «Ақылды кеніш» жобасы Сарыбай, Соколов және Қоржынкөл бөлімшелерінде де енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар