Рудныйда футбол академиясы ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Арxимед Мұxамбетов футбол академиясын ашуды жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл біз Еуразиялық топпен (Eurasian Resources Group) келістік. Олар шамамен 1 млрд теңге бөліп береді. Облыстық бюджеттен де қаржы бөлінеді. Сөйтіп, ол ақшаға келесі жылы Рудный қаласында футбол академиясының құрылысын бастаймыз. Сосын 2020 жылдан бастап «Горняк» деген команда болады», - деді А.Мұxамбетов бүгін Қазақстан футбол федерациясының XVII конференциясында.

Әкімнің айтуынша, қазіргі кезде Рудный қаласында 130 мың адам тұрады. Осы уақытқа дейін стадионды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Енді, футбол академиясы ашылса, командаға қажетті база болады.

«Академияның алаңында жоғары сапалы көгал төселеді. Оны фин компаниясы жеткізіп бермекші. Көгалдың биіктігі - 6 сантиметр. Бұның барлығы - соңғы теxнологиялар және УЕФА-ның талаптарына сай келеді», - деп атап көрсетті А.Мұxамбетов.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда Қостанай облысының әкімі Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитетіне мүше болып сайланды.

Бұдан бөлек, ҚФФ-ның «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» атты жаңа стратегиясы таныстырылды. Аталған құжатта батыл бір мақсат бар. Ол - футболдың қазақстандық стилін қалыптастыру. Соның арқасында Қазақстанның футболы барша әлемге танылады деген жоспар бар.

Сондай-ақ, жаңа стратегияда әйелдер клубтарын арттыру міндеті белгіленіп отыр.

Алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясы ортанқол легионерлерден құтылмақшы.

Ал ұйым басшысы Әділбек Жақсыбеков футболдағы жемқорлықпен қалайша күресетіні туралы айтып берді.
null

Соңғы жаңалықтар