Рудныйда цемент зауыты іске қосылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың маусым айында Рудныйда салынып жатқан цемент зауыты пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зауыттың бас меңгерушісі Артем Макласовтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстары бітуге таяу.

«Қазіргі уақытта құрылыс 98%-ға аяқталып тұр. Маусым айында пеш жағуды бастаймыз. Осы айда жолға қажетті шикізаттар жеткізіледі. Жақында зауыт ішіндегі айналмалы пештің қосу-баптау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы құрылғылар сатып алынды. Біздің мамандарға пешті дұрыс жағу мен оның баптауларын үйрету үшін Белогород техникалық университетінің қызметкерлері келеді. Олар зауытты іске қосу процесі кезінде де болады», - деді А.Макласов.

Бұл зауыттың басты жаңалығы - «400» маркалы цемент шығарылады. Ал мамандардың айтуынша, цементтің осы түрі сульфатқа төзімді, ұзақ сақталады. Сондай-ақ, арнайы қоспалар араласқан «500» маркалы цемент те өндіріледі.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы цемент зауытының көмегімен бірнеше әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлер салуға болатынын айтты. Тиісінше, өңір басшысы облыстық кәсіпкерлік басқармасына мемтапсырысқа қатысатын компаниялармен кеңесіп, осы сұрақты талқылауды тапсырды.

«Келісімшарт жасау үшін өнім көлемін анықтап алыңыздар. Бұған қоса бізден өндірілетін цементті басқа өңірлерге ұсыну қажет. Әсіресе, БҚО, Ақмола облысы мен Астана қаласына шығу керек. Әрине, алдымен облыстың қажеттілігін өтеуді күн тәртібінен түсірмеңіздер. Цемент сұратып отырған жергілікті компаниялар баршылық», -деді А.Мұхамбетов.

Аймақ басшысы Рудныйдан шығатын цемент бағасын Ресейден әкелінетін өнім құнымен бірдей қылуды тапсырды. Себебі, экспортқа шығарылатын өндірістік өнім бағасы кемімеуі тиіс.  

Соңғы жаңалықтар