Рубльдің әлсіреуіне қатысты ҚР Ұлттық банкінің реакциясы бейтарап болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкінің Ресей қор нарығының әлсіреуіне қатысты реакциясы бейтарап болды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың басынан валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Бірінші тоқсанда теңге бір доллар үшін 318 теңге 31 тиынға дейін - 4,2 пайызға нығайды. Өткен аптада Ресейдің қор нарығының құлдырауы және рубльдің әлсіреуі себебінен теңге бағамы құбылды. 9-11 сәуір аралығында теңге 3,5 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 330 теңге 88 тиын болды. Бұл жағдайда Ұлттық банктің реакциясы бейтарап болды», - деді Данияр Ақышев.

Өткен аптада ҚР Ұлттық банкінің төрағасы долларға шаққанда теңге бағамының өзгеруіне қатысты түсінік берген болатын. 

«Еркін айырбас бағамы жағдайында шетелдік валюталарға шаққанда біздің теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты екені белгілі. Шын мәнінде, соңғы бірнеше күн бұрын орын алған оқиғаларға дейін барлық макроэкономикалық параметрлер тұрақты болды. Бірінші кезекте мұнайға қатысты жоғары баға мен саудадағы серіктес елдердегі тұрақтылықты байқадық. Өкінішке қарай, АҚШ-тың Ресейге қатысты қосымша жаңа санкцияларын енгізуге қатысты оқиға РФ қор нарығында құбылмалыққа алып келді. Кейіннен бұның салдары валюта нарығына ықпал етті. Ресей біздің сауда серіктесіміз. Біз ЕАЭО-ға қатысушы елдер болып саналамыз. Әрине, бұл бағыттағы үрдістер әсер етпей қоймайды», - деді Ақышев.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 сәуірі күні АҚШ-тың Қаржы министрлігі тарапынан енгізілген қосымша санкциялардан кейін Ресейдің қор нарығы 10-нан астам пайызға төмендеп кеткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар