Роналдудың хет-тригі «Реалды» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мадридтік «Реал» командасы немістің «Бавариясын» қарымта кездесуде қапы қалдырып, Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Испания астанасындағы "Сантьяго Бернабеу" стадионында өткен кездесу санаулы сәттер бұрын 4:2 есебімен аяқталды.

Есеп ойынның 56-шы минутында ашылды. Пенальтиді сәтті орындаған Роберт Левандовски болған. Алайда 76 минутта Криштиану Роналду есепті теңестірді. Араға екі минут салып Серхио Рамос өз қақпасына гол салып алды - 1:2.

Ойынның негізгі уақыты осы есеппен аяқталған.

Атап өту керек, 84 минутта Артуро Видаль екінші сары қағаз алған соң алаңнан қуылған. Овертаймда осы ойыншының жоқтығы неміс машинасын алға жүргізбей қойғандай болды. 105 және 110-шы минутта Роналду екі доп салып, хет-трик орындады. 112 минутта Марко Асенсио төртінші голды «Бавария» қақпасында тулатты.

Осылайша «Реал» жалпы 6:3 есебімен ширек финалдан сәтті өтті. Айта кетейік, корольдік клуб ойыншылары осымен 7-ші мәрте қатарынан ЧЛ-дың жартылай финалында ойнағалы отыр және олар турнирдің қазіргі чемпионы.

Одан бөлек, Мадридтің "Атлетико" футбол клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты. Лестермен өткен қарымта ойында қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты.

 

Испандықтар ширек финалдың бірінші ойынында өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал Англияда жартылай финалға шығу үшін тең нәтиже де жеткілікті болды.

Ойындағы бірінші голды "Атлетико" командасы соқты. 26 минутта Сауль Ньигестің баспен бағыттаған добын Каспер Шмейхель қайтара алмады.

61 минутта Джейми Варди таразы басын теңестірді. Одан кейінгі уақытта командалар арасындағы есепке өзгеріс енбеді.

Айта кетейік, өткен маусымда Англия премьер-лигасының чемпионы атанған "Лестер" Чемпиондар лигасына өз тарихында алғаш рет қатысты. Ал "Атлетико" Еуропаның басты додасында 12-ші рет бақ сынап отыр. Оның 4-еуінде жартылай финалға шыққан.

Ертең ширек финалдық сынның соңғы екі ойыны өтеді. Франциялық "Монако" немістің дортмундтық "Боруссиясын" қабылдайды (бірінші ойындағы есеп - 3:2). Ал испандық «Барселона» италиялық  "Ювентуспен" (0:3) кездеседі. Қос ойын да Астана уақытымен 00:45-те басталады. 

Соңғы жаңалықтар