Режиссер Димаш Құдайбергеннің концертіне қалай дайындалғанын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында Димаш Құдайбергеннің өміріндегі тұңғыш жеке концерті болып өтті. Отыз мыңға жуық көрерменнің басын қосқан концертке екі жарым ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілген. «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі «Бастау» деп аталған қайталанбас шоудың дайындығы турасында режиссер Анна Обоянскаямен әңгіме өрбітті.

- Фонтандар концерттің көркін ерекше келтіргені сөзсіз. Бұл таңдау қалайша ойларыңызға келді?

- Шоу ұйымдастыруда мүмкіндігіміз аздау болғандықтан, фонтандарды қосу туралы идея ойымызға келді. Жабық ғимаратта пиротехникалық заттарды қолдануға тыйым салынған. Ал отшашулар сахналық сән-салтанаттың ерекше бөлімі екенін білесіз. Біз жарықпен және бумен ғана жоғары дәрежедегі концертті өткізу қиынға соғатынын ескеріп, көрермендерді тамсандыра алатындай амал қарастырдық. Осылайша, таңдау фонтандарға түсті. Отшашуды қолдана алмаған екенбіз, ендеше шешімді судан іздеп таптық. Фонтандар сахнаға осылай орнатылды.

- Бір әнін орындау барысында Димаш жерден биік көтеріліп кетті. Бұны ұйымдастыру қиынға соқты ма? Әншіге арнайы курстан өтуге тура келді ме?

- Әрине, тас-түйін дайындық талап етілді. Осы тұста біз кәсіби каскадерлық команданы көмекке шақырдық. Олар - алматылық каскадерлар, бірақ бүкіл әлемге танымал, Голливудта өнер көрсеткен. Шоуда өнер көрсетіп, киноға да түсіп жүрген әртістер үшін аспанға әуелеуді үйрету аса қиын шаруа болмады. Олар Димаш үшін арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, біраз даярлады. Әлбетте, кейбір нөмірлерді орындау үшін физикалық және техникалық күш-қуатты салуға тура келеді. Сахнада бәрі де оп-оңай көрінгенімен, бір сәттік нөмірлердің артында толағай еңбек тұр. Ұшып жүріп күшіңді сарқу, бұған қоса ән салу - оңай емес. Әрине, Димаш біздің жарап тұр: «Ең биік тіреуге ұшып шығып, ең жоғарғы нотаны аламын» деп әзілдейді. Бірақ, бұлайша өнер көрсету қарапайым тапсырмалардың бірі емес екенін білеміз. Көрермендер тек тросты көрген болар, ал шын мәнінде, костюм ішінде ұстап тұратын тіреуіш, оның ішіне каскадерлық корсет бар еді. Ол диафрагманы қатты қысып тұрды. Барлық вокалистер диафрагмамен ән шырқайтыны белгілі. Сондықтан, Димашқа жүктелген тапсырма тым күрделі болды. Бірақ, меніңше, ол көпшілік күткен үдеден шыға білді.

- Сахнада екі үлкен вертикалды экран орнатылды. Кейбір көрермендерге сол экранда дуэт кезінде тек бір әншінің ғана көрініп тұрғаны ұнамай қалған секілді...

- Әртісті сахнада ерекше көрсету үшін экрандардың мұндай форматы арнайы таңдалып алынған. Дәстүрлі горизонтальды экранды таңдап алсақ, біз тек әншілердің басы мен кеуде тұсын ғана тамашалайтын боламыз. Ал бұл жағдайда әншінің бүкіл тұрпаты көрініп тұрды. Ешқандай көлденең дүние көрсетілген жоқ, бос кеңістік кадрдан тыс қалды. Дуэт бойынша келіспейтін уәжім бар: біз бұл бағытта жұмыс жүргіздік. Дуэт кезінде әртістер кезек-кезек ән айтты. Демек, Димаш ән салғанда камера соны түсірсе, Кристина Орбакайте ән шырқағанда назар оған қарай ауды. Мүмкін, олар бір уақытта кадрда болмаған шығар, бірақ олардың бірлескен бейнежазбасын теленұсқадан көруге болады. Теленұсқа концерттің өзінен кем түспеуі керек. Біздің командаға берген мыңдаған көрермен мен әлеуметтік желі қолданушыларының алғыстарына қарап, бәрі ойдағыдай өтті деген ойдамыз.

- Ән мәтіні жазылған титрлы экрандар қалайда артта қалып қойды да, көрермендер үшін мәтінді оқу ыңғайсыз болғандай...

- Мен түсінемін. Бұл стадионның бірден-бір стационарлы экраны еді. Оны біз орнатқан жоқпыз. Барлық экран контент шоуға бейімделгендіктен, тек стадионның экраны ғана босады. Сол себепті, көрермендер үшін караоке сонда орнатылды.

- Концертті ұйымдастыру қаншалықты қиынға түсті?

- Иә, жұмыс тым ауқымды болды. Барлығын да әлемдік дәрежеде өткізу туралы талап қойылды. Десе де, команда құрамындағылардың барлығының Димашқа ықыласы ерекше болғандықтан, екіншіден Димаштан ерекше энергетика есіп тұрғандықтан, айтарлықтай қиын болмады. Дайындық процесін жүргізу: алғашқы баспалдағынан соңына дейін жеткізу, бағдарламаны зерттеп бастағаннан-ақ әр нөмірді ойластыру, дайындық сатылары, қиын трюктарды жасаған кәсіби каскадерлардың ұшуы мен құлауы - қиынға соқпады. Барлығы да ортақ іске жұдырықтай жұмылды. Процеске қатысушылардың бәрі де - Димаштан бастап техникке дейін барын да, жанын да салды. Шаршаңқылық пен ұйқының қысқанына қарамастан жұмыс жүргізудің өзі ғанибет дерліктей керемет атмосфера құрылды.     

- Димаштың концерті бас-аяғы 4 сағатқа созылды. Шараны сонша уақытқа созу жоспарда бар ма еді?

- Димаштың жеке концерті 2,5 сағатқа созылды. Бұл концерттің басым бөлігі еді. Шараны алдын ала «қыздырып алу» әрине, әлемдік шоу-бизнсе тәжірибесінде бар құбылыс. Сан жетпейтін көрермендер бір уақытта бір залға сыйып кете алмайды. Стадионды лық толтыру үшін қажетті уақыт керек. Сондықтан, Димашты бірден шығармай, уақытта аздап соза тұру арқылы, біріншіден, стадионды толтырып алсақ, екіншіден көпшіліктің тезірек Димашты көргісі келетін құштарлығын күшейте білдік деген ойдамын.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар