Республикалық жыр мүшәйрасында батысқазақстандық қос студент топ жарды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласында өткен «Ілияс әлемі» атты дәстүрлі республикалық студент-жастар фестивалі аясында өткен жыр мүшәйрасында батысқазақстандық қос студент топ жарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, магистр Айдарбек Ақболатовтың айтуынша, аталмыш фестивальді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстарының өмірден өткеніне 80 жыл толуына орай ұйымдастырды.

Фестиваль аясында «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай» атты жыр мүшәйрасы, сондай-ақ «Тар жолды, тайғақ кешулі тағдырлар» (І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин) атты ғылыми жоба байқауы және І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин мұраларын зерттеуге арналған «Ілияс мұрасы және алаштану мәселелері» атты жас ғалымдар мен студент жастарға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.



Жыр бәйгесінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті, қазіргі кезде бір жылдық грантпен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да білім алып жүрген Мәрлен Ғилымхан бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4 курс студенті Мадияр Төлеуов бірінші орынға ие болды.

Айта кетейік, бұлардың екеуі де - осындай жыр додаларында бас бәйге алып жүрген талантты жастар.

Соңғы жаңалықтар