Ресейлік турист Астана жөнінде: Интернетте көргенім жолда қалды

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - EXPO-2017 халықаралық көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен меймандар келіп, алған әсерлерімен бөлісіп жатыр. «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне кездейсоқ кездесіп қалып, қуана-қуана ойымен бөліскен ресейлік Илья Похомов есімді жігіт те елорданың көркіне ерекше тамсанғанын айтады. Шетелдік мейман Ресей Федерациясының Ростов-на-Дону қаласынан келіп, Астананы аралап жүр.

Өз қаласының Жоғары оқу орнында жұмыс істейтін Илья бірнеше мемлекетте ғылыми конференция ұйымдастырылатынын естіген. Көп ойланбастан ол өзге елдерді қоя тұрып, Астанаға ат басын бұрыпты. 

«Астанаға келмей тұрып, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатын онлайн режимде көрген едім. Бұдан бөлек, интернеттен Астананың көркін әйгілейтін суреттерді ақтарып шықтым. Әдетте, ғаламтордағы суреттер керемет көрінеді дегенімізбен, келгенімде сәулетті қаладан алған әсерім тіпті керемет десе болады. EXPO-2017 көрмесінің тұсынан өтіп бара жатып-ақ, алып шарға тамсана қарадым. Бірыңғай реттеле салынған үйлер, әйнекті ғимараттар, оқтай түзу жолдар, шынында да, Астананың әлемдегі әдемі шаһарлардың бірі екенін дәлелдейді», - дейді Илья Похомов.

Ресейлік мейманның Қазақстанға тұңғыш рет жолы түсіп отыр. Қолындағы бейнебақылау камерасымен қала көшелерін тамсана түсіріп жүр. Астананың оң жағалауын да толық аралап шығыпты.

«Айтпақшы, Астана маған теңіз жағасындағы қала секілді әсер қалдырды. Салқын самал соғып тұрған шаһарда қыдырудың өзі бір рахат екен», - дейді ресейлік мейман.

Аян Өрібаев

 

Соңғы жаңалықтар