Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ - АҚШ елшісі

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Толықтай алғанда бұл саясат Қазақстанға қарсы бағытталмаған. Мен Сіздерге бұл санкцияның Қазақстан экономикасына ықпалы бар екендігін айта аламын және Қазақстан тарабы бұған айрықша алаңдаулы. Біз бұл мәселеде қазақстандық серіктестермен кеңесуге уағдаластық. Мәселен, Конгресс қабылдаған заңнамалар бойынша және басқалары. Бұл заңнамалар қалай әрекет ететіндігіне қатысты қазақстандық серіктестермен кеңесулер бар және ол жалғаса да береді. АҚШ тарабы бұл санкциялардың Қазақстанға, осы жердегі қазақстандық бизнес пен америкалық бизнеске теріс әсер етпеуіне ниеттестік танытып отыр», - деді елші.
null 

Сонымен қатар Джордж Крол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ пен Ресей көптеген халықаралық мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істеуі тиіс деген мәлімдемесін америкалық тарап қолдайтындығын баса айтты.

Айта кетейік, қаңтар айының 17-сінде Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен екеуара кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен АҚШ көптеген халықаралық мәселені бірлесіп шеше алатындығын айтқан еді.
null 

«Өзіңіз білетіндей, Қазақстан әлемде көлемі жөнінен 4-орын алатын ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапты. Осы орайда, басқа да ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізе аламыз. КХДР мәселесін Қытай, АҚШ, Ресей тарапы бірлесе шеше алады. Сондықтан, көрші ел ретінде Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың нашарлап кетуі бізді алаңдатады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар