Ресейдің суперлигасында ойнап, Қазақстан намысын қорғағым келеді - Максим Өтебалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионатының суперлигасында ойнап, дүниежүзілік додаларда Қазақстан намысын қорғағым келеді. Бұл туралы Ресей біріншілігі жоғары лигасының екінші тобында жеңімпаз атанған «Ақжайық» командасының капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

- Допты хоккейге мен алты жасымда келдім, - деді Максим. Ағам Меңжан жетелеп әкеліп, топқа қосты да жіберді. Содан бері допты хоккеймен айналысып келемін. Әрине, менің өмір белестеріне көтерілуіме алдымен отбасым қолдау көрсетті. Анам Гүлжан жеке кәсіпкер, сосын әжем бар. Ағам өз отбасын құрды. Кәсіби спорт жолына мен ғана түскеннен кейін бәрі тілекші болып отырады. «Еуразия» тілдер және менеджмент институтын қаржыгер мамандығы бойынша бітірдім.
null 

- Максим, құрылғанына қырық жылдан асқан «Ақжайық» клубы үшін биылғы маусым сәтті болды деуге қазірдің өзінде негіз бар, солай ғой?

- Иә, команда алға қойған финалға шығу мақсатын орындады. Жалпы, алдыңғы маусыммен салыстырғанда, командада біраз өзгерістер болды. «Ақжайықтың» тізгінін Саратовтан келген ресейлік маман Владимир Юрьевич Кожевников қолға алса, жаңа ойыншылар да келіп, тың леп қосты. Осы маусымда біздер өз айдынымызда ешкімге дес берген жоқпыз. Кездесулердің бәрінде жеңіске жеттік. Сырт айдындағы ойындардан да барынша ұпай ала білдік. Мұның бәрі команданың айқын бағыт-бағдар ұстанғандығын көрсетеді.

- «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Сергей Башаев осы бір ғана маусымда 65 гол соққан екен. Өзің де аянып қалған жоқсың. Сенің есебіңде қанша доп бар, командада жақын досың кім?

- Иә, жеңіске барлық ойыншылар да үлес қосады ғой. Мен қарсыластар қақпасын 24 рет дәл көздедім. Алда финалдық сайыстар бар, онда да қарап қалмаспын. Капитан болғаннан кейін бәрімен жақсы қарым-қатынастамын, бір-бірімізді түсініп, ортақ мақсатқа жұмылып отырамыз. Дегенмен 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Әліпқалиевті ең жақын досым деп санаймын.
null 

- Биылғы үлкен табысыңның бірі мамандардың көзіне түсіп, допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына алынып, әлем чемпионатына қатысуың деп ойлаймын. Бұл да серпін берген шығар?

- Әрине, әлемдік доданы көзбен көрудің өзі бір ғанибет қой. Әзірге ойнай қоймасам да, біраз тәжірибе жинақтадым. Әлі жаспын, биыл 22-ге толамын, сондықтан басты табыстарым алда деп ойлаймын.

Максим Өтебалиев пен команда жөнінде «Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхы да өз пікір-пайымын білдірді.

«Максим Өтебалиев биыл өзін жақсы қырынан көрсетті, көшбасшылық қасиеті де бар. Ұлттық құрамаға алынды. Енді алдағы жылы өтетін әлем чемпионатына да қатысады. Оның ар жағында 2019 жылы Красноярскіде өтетін ХХІХ дүниежүзілік қысқы универсиадаға, бұйырса, допты хоккейден Қазақстан құрамасын капитан ретінде бастап баратын болады. Өйткені құраманың қазіргі капитаны, 2011 жылғы Азиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Рауан Исалиевтің жасы келмейді. Сондықтан оның орнын жастар баспақ. Жалпы, «Ақжайықтан» ұлттық құрамаға алынатындай хоккейшілер бар. Мысалы, қақпашы Нариман Такировты келесі әлем чемпионатына қоспақшымыз. Қорғаушы Павел Чебаков пен жартылай қорғаушы, Азиада чемпиондарының бірі Самат Аманшинді байқап көруге болады. Еламан Әліпқалиев те тұғырдан тая қойған жоқ. Сол секілді қаулап өсіп келе жатқан жастар бар. Мысалы, 1998 жылғы Андрей Гущин қорғаушы болса да, айдынға шығып, қарсыластар қақпасына гол салып үлгерді. Одан бірер жас үлкен Бекзат Батырхан, Болат Мұхит, Андрей Малышевтерден де үміт күтеміз. Бір атап өтетін жайт, 2016 жылы командаға ресейлік легионерлердің қосылуы оралдық ойыншылардың ширығып, ширауына әсер етті. Сонымен қатар келісімшартқа қол қояр кезде ресейліктерге кейінгі жеткіншектерге де білгендерін үйретіп, шеберлік дәрістерін өткізу жөнінде талап қойдым. Бұл да балалардың қызығушылығын арттырып, алдарына үлкен мақсат қоюына септесуде. Оның үстіне «Жастар» стадионында «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен жасанды мұз айдыны салынып жатқаны белгілі. Мердігерлер алдағы мамыр айында бітіреміз деп отыр. Жасанды мұз айдыны іске қосылса, күн ілгері дайындала алатын ойыншылардың шеберлігі артады, мүмкіндік те молаяды. Санаулы күндерден кейін Сыктывкарда басталатын финалдық ойындарда жақсы өнер көрсетіп, алғашқы үштікке ілігуді көздеп отырмыз. Түпкі мақсат - Ресейдің суперлигасына шығып, Қазақстанның мықты командасына айналу», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Шайхы.
null 

Еске сала кетейік, екінші топта «Ақжайық» 49 ұпаймен бірінші орынды иеленсе, үздік үштікке сондай-ақ «Знамя-Удмуртия» (Воткинск, 48 ұпай), сосын «Маяк» (Краснотурьинск, 47 ұпай) командалары енді. Сыктывкар қаласында 28 ақпан - 6 наурыз аралығында өтетін финалдық турнирде «Строитель» (Сыктывкар), «Мурман» (Мурманск), «Ақжайық», «Знамя-Удмуртия», «Маяк»,  «Саяны» (Абакан), «Енисей-2» (Красноярск) командалары суперлигаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салады. Оралдықтар финалдық сайыстарға өз тарихында осымен он екінші рет қатысқалы отыр.

Соңғы жаңалықтар