Ресейдегі әуе апатында ОҚО тумасы да қаза болды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ресейдегі әуе апатында ОҚО тумасы да қаза болды. Ұшақта болған жолаушылардың бірі Сергей Панченко Сайрам ауданының орталығы - Ақсукент ауылында дүниеге келген, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Норильский қалалық кеңесінің депутаты және қалалық даму агенттігін басқарған азаматтың өмірбаянында  1973 жылы 28 наурызда Қазақстанның  Шымкент облысы, Белые воды аулында туған деп көрсетілген. Ресейге қоныс аударған соң Панченко жоғары білім алып, магистр және «Стратегиялық менеджмент» бойынша келісімшарт әкімшісі докторы дәрежесін алған. «Северный город» компаниясында жұмыс істеп, 2017 жылы Норильский қалалық кеңесінің депутаты атанған.

Мәлім болғандай, әуе кемесінде Қызылорда облысының тумалары 33 жастағы  Илья Ставский мен 30 жастағы келіншек болған. Сонымен қатар ұшақты Орынбор облысының тұрғыны, қазақ ұлтының өкілі  Темірлан Ақназаровтың бар болғаны анықталып отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, 11 ақпан күні Мәскеудің Домодедово әуежайынан көкке көтерілген Ан-148 жолаушылар ұшағы көп ұзамай радардан жоғалып кетті. Кейін ұшақ қалдықтары Мәскеу облысының Раменск ауданында табылғаны мәлім етілді.  «Саратов әуе желілері» компаниясына тиесілі ұшақтың бортында 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болды. Олардың барлығы ашал құшты. 

Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында ұшақта болған барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің аты-жөндері жарияланған болатын. Ажал құшқан жолаушылардың үшеуі - бала.  

Соңғы жаңалықтар