Ресейде тікұшақ апатынан қаза болған Веденкин мен Афонин Қазақстан азаматтары емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Ямал-Ненецк автономды округінде тікұшақ апатынан қаза болған Веденкин мен Афонин Қазақстан азаматы емес.

Бұл жайында агенттік тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ямал-Ненецк автономды округінде «Скол» авиакомпаниясына тиесілі МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағандығы жайлы ақпарат тарағаннан кейін, біз әуе кемесінің бортында Қазақстан азаматының болуы мүмкіндігі туралы мәліметтерді тексердік. Бастапқыда, Ресей ТЖМ-нің Ямал-Ненецк автономды округіндегі бас қармасы және РФ Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанның екі азаматы - Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарының тумалары Александр Веденкин мен Андрей Афониннің қаза тапқандығы туралы хабарлады.  Бүгінгі күні  Ресей ТЖМ және Тергеу комитетінің көліктегі Орал басқармасының нақтыланған мәліметтеріне сәйкес, аталған азаматтар шындығында да бұрын Қазақстанда тұрған. Бірақ, қазіргі уақытта РФ азаматтары болып саналады. Қазақстан тарабына ҚР азаматтарының қаза тапқандығы туралы берілген ақпарат қате болып шықты», - деді Жайнақов. 

Айта кетейік, 22 қазан күні Ресейдің Краснояр аймағынан Ямал-Ненецк автономды округіне қарай ұшып бара жатқан «Скол» әуе компаниясының МИ-8 тікұшағы Ямал маңындағы Уренгой ауылында апатқа ұшырады. Тікұшақта ұшқыштар мен жолаушыларды қоса алғанда барлығы 22 адам болған. Олардың тек 3-уі ғана аман қалды.

ҚР СІМ қаза тапқандардың арасында Қазақстанның екі азаматы болғанын хабарлаған еді. 

 
Соңғы жаңалықтар