Ресей мен АҚШ қарым-қатынасының нашарлауы алаңдатады - ҚР Президенті

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Қазақстанды Ресей мен АҚШ қарым-қатынасының нашарлауы алаңдатады. Бұл туралы бүгін Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп екеуара кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан 2001 жылы терроризмге қарсы күресте АҚШ-қа белсенді қолдау көрсетті және қазіргі уақытта да Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға көмек көрсетіп отыр. Ауғанстанда америкалық әскердің болуы бұл тек қана АҚШ-тың ісі емес. Сонымен бірге бүкіл әлем терроризмнің жаңа ошақтарына қарсы тұруы тиіс. Бұл Ауғанстанның көршісі - біздің барлығымыздың міндетіміз. Қазақстан осы жылдардың ішінде 75 млн доллар гуманитарлық және техникалық көмек көрсетті. Бұған қоса мың ауғандық жас өздерінде жоқ мамандықтарды бізде оқуда. Оған 50 млн доллар жұмсалды», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Дональд Трамппен кездесу барысында бірқатар жаһандық мәселелер, оның ішінде Солтүстік Кореядағы жағдайды тұрақтандыру жайы талқыланғанын айтты.

«Өзіңіз білетіндей, Қазақстан әлемде көлемі жөнінен 4-орын алатын ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапты. Осы орайда, басқа да ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізе аламыз. КХДР мәселесін Қытай, АҚШ, Ресей тарапы бірлесе шеше алады. Сондықтан, көрші ел ретінде Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың нашарлап кетуі бізді алаңдатады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар